
Ағымдағы жылдың 23–24 сәуірі аралығында Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Арал–Сырдария бассейндік су инспекциясының басшысы Зейнолла Қазтоғанов пен басшы орынбасары Сейтқасым Абуов Қызылорда облысының Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарына жұмыс сапарымен барып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесулер өткізді.
Кездесулер барысында 2026 жылғы вегетациялық кезеңге дайындық жұмыстары жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, егіс алқаптарына су жеткізу қызметінің тарифтік саясаты, тарифтің өсу себептері мен оның экономикалық негіздемелері түсіндірілді. Сонымен қатар, арнайы су пайдалану рұқсат құжаттарын рәсімдеу тәртібі, заңсыз су пайдаланудың алдын алу шаралары және су беру қызметтері бойынша биллинг жүйесі арқылы келісімшарт жасасудың маңыздылығы кеңінен баяндалды.
Жиындарда су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылып, суды белгіленген нормадан артық пайдаланбау, су есебін қатаң әрі жүйелі жүргізу қажеттілігі атап өтілді. Сондай-ақ, су үнемдеу технологияларын енгізудің тиімділігі түсіндіріліп, аталған технологияларды қолданатын шаруашылықтарға мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар, оларды алу тәртібі мен талаптары жөнінде толық ақпарат ұсынылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kroivr-water/press/news/details/1214284?lang=kk

Жауап қалдыру