ТҮРКІСТАНДА ЖАС САРБАЗДАРМЕН ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Түркістан қаласындағы ҚР Ұлттық ұланы 5574 әскери бөлімінде 7 мамыр – Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күніне орай «Адалдық – өмірдің алтын қағидасы» тақырыбында мазмұнды кездесу өтті.
Бұл маңызды іс-шара Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің бастамасымен өтіп, жас сарбаздарға рухани тәрбие беруге бағытталды.
Кездесу барысында қоғам қайраткерлері мен сала мамандары мазмұнды баяндамалар жасады. Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов «Адал азамат – қоғам тірегі» тақырыбында сөз сөйлеп, адалдықтың қоғам дамуы үшін маңыздылығына тоқталды. Ол жастарды заңға құрметпен қарап, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын тұлға болуға шақырды.
Ал ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова «Салауатты сана – сапалы өмір кепілі» тақырыбында баяндама жасап, отбасы тәрбиесінің маңызын атап өтті. Ол жастарды зиянды әдеттерден аулақ болып, саналы өмір салтын ұстануға үндеді.
Сондай-ақ Түркістан облысы Полиция департаментінің өкілдері құқықтық тәрбие бағытында өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, полиция подполковнигі Жанар Қалабаева отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларына тоқталса, полиция майоры Марат Бимаханов есірткі қылмысының зияны туралы нақты мысалдар келтіріп, жастарды салауатты өмір салтын таңдауға шақырды.
Өз кезегінде Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» бастамаларының қоғамдағы маңыздылығын атап өтіп, жас сарбаздарды мерекемен құттықтады.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өзара пікір алмасты. Бұл жастардың белсенділігін арттырып, рухани серпіліс сыйлады.
Іс-шара соңында патриоттық әндер шырқалып, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.
Мұндай кездесулер жас ұрпақты тәрбиелеуде, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде және ел бірлігін нығайтуда маңызды рөл атқарады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1214330?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді