
Астана, 2026 жылғы 5 мамыр – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қазақстанға ресми сапармен келген Аустрияның Еуропалық және халықаралық істер федералдық министрі Беате Майнль-Райзингерді және Аустрияның Ішкі істер федералдық министрі Герхард Карнерді қабылдады.
Тараптар өзара сенім мен прагматикалық өзара іс-қимылға негізделген қазақ-аустрия қатынастарының жоғары деңгейін растады. «Бүгін біз қазақ-аустрия ынтымақтастағының негізгі бағыттарын талқылап, өзара іс-қимылдың жаңа көкжиектерін айқындадық. Аустрия Қазақстанның Еуропа Одағындағы маңызды серіктесі және біз екіжақты әрі көпжақты деңгейде байланыстарымызды барынша тереңдетуге ниеттіміз», – деп атап өтті Қазақстанның СІМ басшысы.
Келіссөздер барысында дипломатиялық паспорт иелері үшін визалық талаптарды алып тастау және реадмиссия туралы келісімдерді іске асырудағы ілгерілеу атап өтілді. Бұл екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге қосымша мүмкіндіктер ашады. Бұдан бөлек, Аустрия тарапы ЕҚЫҰ-мен өзара іс-қимыл аясында Астана халықаралық әуежайына 25 дана паспорт оқу құрылғысын табыстайды.
Сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға, оның ішінде іскерлік дөңгелек үстел өткізуге ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің, сондай-ақ Қазақстанда қызмет ететін аустриялық компаниялардың рөлі атап өтілді.
Тараптар тау-кен өнеркәсібі, көлік және инфрақұрылым, энергетика, туризм және білім беру салаларындағы ынтымақтастықтың елеулі әлеуетін атап өтті. Орта дәлізді дамыту және «Global Gateway» бастамасына қатысу аясында көлік-логистикалық серіктестікті кеңейтуге ерекше мән берілді, бұл Қазақстандағы аустриялық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Экономикалық өзара іс-қимыл аясында энергетикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазақстанның Аустрияға мұнай жеткізудегі негізгі серіктестердің бірі ретіндегі рөлі, сондай-ақ елдің энергетикалық қауіпсіздік пен жеткізілімдердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге қосқан үлесі атап өтілді.
Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі және өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасты, көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға және қазіргі сын-қатерлерді БҰҰ Жарғысына сәйкес тек бейбіт жолмен шешуге бейілділігін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен күш-жігер қазақ-аустрия әріптестігіне жаңа серпін беріп, ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1214449?lang=kk

Жауап қалдыру