ҚАЛА ӘКІМІ ЖОЛ МӘСЕЛЕСІН ҚАТАҢ БАҚЫЛАУҒА АЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Атырау қалалық әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімі Шәкір Кейкиннің төрағалығымен жол мәселесіне арналған арнайы жиын өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Тілек Махуов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі және барлық жолдарды асфальттау және жаяу жүргіншілер жолына төсемтас төсеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекемелер, қосалқы мердігер мекемелер мен техникалық бақылаушылар қатысты.

Жиын барысында шаһар басшысы қаладағы жол құрылысы мен жаяу жүргіншілер инфрақұрылымының сапасын қатаң сынға алды. 

– Халық тарапынан жол сапасына, әсіресе жаяу жүргіншілер жолдарының жағдайына байланысты көптеген наразылық туындап отыр. Бұл – өте өзекті мәселе. Өзім тікелей тапсырма беріп, талапқа сай келмейтін жаяу жүргіншілер жолдарын бұздырып, қайта салдырдым. Алайда кейбір мердігер мекемелерде жұмысқа қажетті техника да, өндірістік база да жеткіліксіз. «Арзанның тұзы татымас» демекші, сапасыз, арзан дүниеге әуестенуге болмайды. Мемлекеттің әр тиыны – халықтың ақшасы, оның сұрауы бар екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан әрбір жұмысты өз үйлеріңізге жасап жатқандай жауапкершілікпен орындауларыңыз қажет. Жобадан ауытқуға жол берілмейді, барлық жол құрылысы белгіленген талаптарға сай, сапалы жүзеге асырылуы тиіс. Іргелі мекемелер үшін жұмыс сапасының төмендігі – ең алдымен өз беделдеріңізге нұқсан келтіретінін ескеріңіздер, – деді Шәкір Кейкінұлы.

Сонымен қатар, қала әкімі мердігерлерден әрбір нысан бойынша нақты аяқталу мерзімдерін сұрап, жұмыстардың белгіленген кестеден кешікпеуін қатаң тапсырды. Ал жобаларды созбалаңға салып, мерзімін кешіктірген мердігер мекемелерге тиісті шара қолдануды қала әкімінің орынбасары Тілек Алдабергенұлына жүктеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-atyrau/press/news/details/1214688?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді