Ант пен абырой: Түркістанда қос мереке аталып өтті 

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Түркістан облысы полиция департаментінің ұйымдастыруымен Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай “Жеңіс” саябағында салтанатты іс-шара өтті. Биыл Ұлы Жеңіске 81 жыл толып отыр. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Осыған орай шара ерлікпен қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.

Алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, ел қорғаны болып, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген барша тәртіп сақшыларын мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ осынау бейбіт өмірді тарту еткен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлік жолын ұлықтап, жиынға қатысушы ішкі істер саласының ардагерлеріне құрмет көрсетті.

 – Қос мереке – ерлік пен елдік рухтың, батырлық пен отансүйгіштіктің айқын көрінісі. Бүгінгі бейбіт өмір – кешегі батыр бабалардың жанқиярлығының жемісі. Қайраткер Әлихан Бөкейхан айтқандай, ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден. Елге адал қызмет ету – жүректегі намыс пен жауапкершіліктен басталады, – деп құттықтауын жеткізді ПД бастығы Арыстанғани Заппаров.

Сондай-ақ облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев та ізгі тілегін білдірді. Мерекелік іс-шара барысында ішкі істер органдары үшін маңызды рәсімдердің бірі – жас полицейлердің ант қабылдауы өтті. Сонымен қатар қызметтік міндетін адал атқарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлер мен ардагерлер марапатталды.

ҚР ІІМ тарапынан 8 полицейге түрлі дәрежедегі марапаттар табысталды. Полиция департаменті бастығының марапаты 8 қызметкерге, ал облыс әкімінің марапаты 2 қызметкерге берілді. Бұдан бөлек, ІІО ардагерлері және қызмет барысында қаза тапқан полицейлердің жұбайларына құрмет көрсетіліп, бағалы сыйлықтар табысталды.

Түркістан қаласындағы №9 мектеп-гимназиясының “Жас сақшы” сыныбы да үздік деп танылып, марапатқа ие болды. Шара барысында жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері арнайы дайындық пен күрес тәсілдерін көрсетіп, көрермендердің ықыласына бөленді. Салтанатты жиын өнерпаз полицейлердің патриоттық ән шашуымен жалғасып, жеке құрамның салтанатты шеруімен қорытындыланды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-turkistan/press/news/details/1215771?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді