Алматыда 5 900 орындық студенттік жатақхана салынады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматыда 5 900 орындық студенттік жатақхана салынады

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Азия даму банкі (АДБ) және Satbayev University-мен жобаны сүйемелдеу бойынша консультациялық қызметтер көрсету туралы келісімге қол қойды.
Жоба студенттер үшін қолжетімді, инклюзивті және климатқа төзімді өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Келісім аясында Satbayev University базасында «жобалау – құрылыс – қаржыландыру – пайдалану» моделі бойынша шамамен 5 900 орындық студенттік жатақхана салу көзделген. АДБ жобаны сүйемелдеу жөніндегі кеңесші ретінде жобаның барлық кезеңдерінде жан-жақты сараптамалық қолдау көрсетеді.

Келісімге ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев және АДБ-ның Қазақстан бойынша директоры Утсав Кумар қол қойды.

Министр атап өткендей, студенттерді лайықты өмір сүру жағдайымен қамтамасыз ету жоғары білім саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.

«Қолайлы өмір сүру жағдайларын жасау – бұл тек әлеуметтік міндет қана емес, сонымен қатар адами капитал мен ел болашағына салынған инвестиция», – деп атап өтті ведомство басшысы.

АДБ қолдауы жобаны дайындаудың негізгі кезеңдерін қамтиды, оның ішінде техникалық-экономикалық негіздемені және жобалық құжаттаманы әзірлеу, сондай-ақ конкурстық рәсімдерді сүйемелдеу қарастырылған. Конкурс жарияланғаннан кейін жоба 2025 жылы қабылданған мемлекеттік-жекешелік серіктестік туралы жаңартылған заң аясында іске асырылатын алғашқы пилоттық бастамалардың біріне айналады.

Satbayev University – еліміздегі жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі. Мұнда 10 000-нан астам студент білім алады, олардың шамамен 80%-ы өңірлерден келген. Қазіргі жатақхана қоры шамамен 2 300 орынға есептелген, бұл басқа қаладан келген студенттерді орналастыру мүмкіндігін шектеп, жалдамалы тұрғын үй нарығына жүктемені арттырады.

Қазақстан 1994 жылдан бері АДБ мүшесі болып келеді. Осы кезеңде Банк инфрақұрылымды жаңғырту мен жеке сектордың қатысуын кеңейтуді қоса алғанда басым даму бағыттарын іске асыруға 8 млрд АҚШ долларынан астам қаражатты қарыз, гранттар және техникалық көмек түрінде бағыттады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1215670?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді