
Астанада Отан қорғаушылар күні қарсаңында Полиция департаментінің патрульдік қызмет полкінде елордалық мектеп оқушылары мен колледж студенттері үшін ашық есік күні ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара барысында жастар құқық қорғау органдарының жұмысымен танысып, тәртіп сақшыларының күрделі қызметінің ерекшеліктері туралы ақпарат алды.
Қатысушыларға полицейлердің қару-жарағы, арнайы киімдері мен техникалары көрсетілді. Сондай-ақ полиция автокөліктері мен мотоциклдері таныстырылып, олардың күнделікті қызметте қалай қолданылатыны түсіндірілді.
Іс-шараға қатысушылар тек бақылап қана қоймай, полиция қызметкерлерімен еркін сұхбаттасып, қызметке орналасу шарттары мен карьералық мүмкіндіктер туралы сұрақтар қоя алды. Сонымен қатар жастарға техника мен жабдықтарды жақыннан көруге мүмкіндік берілді.
Жастар үшін арнайы жедел әрекет ету арнайы жасағының көрсетілімдік өнері ерекше қызығушылық тудырды. Олар күштік дайындық элементтері мен тактикалық әрекеттерді көрсетті.
Астана қаласы әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілі Әлібек Жүсіпов мұндай кездесулер жастарға болашақ мамандығын таңдауға көмектесетінін атап өтті.
«Бүгін полиция департаментімен бірлесіп колледж студенттері мен жоғары сынып оқушылары үшін ашық есік күнін өткізіп отырмыз. Мұндай іс-шаралардың маңызы зор, өйткені олар полицейлердің – біздің қорғаушыларымыздың жұмысын тәжірибе жүзінде көруге мүмкіндік береді. Бұл жастарға саналы таңдау жасауға және мемлекет пен қоғамға қай салада қызмет еткісі келетінін түсінуге көмектеседі», – деді ол.
Іс-шараға барлығы 60-қа жуық адам – әскери-патриоттық ұйым өкілдері, мектеп оқушылары мен студенттер қатысты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1215609?lang=kk

Жауап қалдыру