
Құрметті Мақтаарал ауданының тұрғындары!
Қадірменді Отандастар!
Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл қос мереке – халқымыздың рухы биік, жігері мықты, бірлігі бекем ел екендігін айқындайтын айрықша күндер.
Отан қорғаушылар күні – ел тыныштығын күзетіп, тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып жүрген айбынды азаматтарымызға көрсетілер зор құрмет. Бүгінде Қазақстан Қарулы Күштері – мемлекетіміздің сенімді қалқаны, бейбіт өміріміздің кепілі болып отыр.
Ал, 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні – барша адамзат үшін аса маңызды тарихи күн.
Жалпы екінші дүние жүзілік соғысында ерлік көрсеткен 500-ден аса отандасымыз «Кеңес Одағының батыры» атағын алды. Олардың қатарында ерліктері күллі Одаққа әйгілі болып, бүгінге дейін ел аузында жүрен Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Рахыжан Қошқарбаев, Мәлік Ғабдуллин, Қасым Қайсенов сияқты батырларымыз бар.
Мақтаарал ауданының талай ұл-қыздары да осы соғыста ерлік көрсетіп, ауданымыздан бірнеше Кеңес Одағының батырлары шықты. Ал тылда қалған үлкендер мен балалар күндіз-түні жұмыс істеп, майданды азық-түлікпен, киіммен және басқа да материалдармен қамтамасыз етті. Сол кездегі халықтың ынтымағы мен жанқиярлық еңбегі – бүгінгі ұрпаққа өшпес үлгі, ұмытылмас тарих!
Бүгінгі бейбіт өмір – кешегі батырлардың жанқиярлық ерлігінің нәтижесі. Сондықтан, олардың аманатына адал болу, тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау – баршамыздың қасиетті борышымыз. Ел ішіндегі тұрақтылық пен келісімді сақтау, жастарға отансүйгіштік тәрбие беру – ортақ міндетіміз.
Бүгінгі таңда біз ардагерлерімізге құрмет көрсетіп, олардың ерлігі мен өнегесін жастардың бойына сіңіруіміз керек. Жастарымыз елін, жерін сүюдің не екенін осы тарихи шындықтардан ұғынады.
Осы мерекелі күндерде баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық пен береке, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін. Әр отбасында қуаныш пен амандық орнап, елімізде әрдайым тыныштық пен тұрақтылық салтанат құрсын!
Ерлік ешқашан ұмытылмайды, ел қорғаған азаматтардың абыройы әрдайым биік болсын!
Мерекелеріңіз құтты болсын!
Ізгі ниетпен,
Мақтаарал ауданының әкімі
Бақыт Асанов
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1215586?lang=kk

Жауап қалдыру