
Вена, 2026 жылғы 28 сәуір – Қазақстан Республикасының Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді «Жаһандық басқару жөніндегі бастаманың достар тобының» алғашқы кездесуіне қатысты. Іс-шараға Венада аккредиттелген халықаралық ұйымдардың басшылары, атап айтқанда Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымы, ЮНИДО, ЮНСИТРАЛ, сондай-ақ аталған бастаманы қолдаған мемлекеттердің Тұрақты өкілдері қатысты.
Жаһандық басқару жөніндегі бастама Қытай Халық Республикасының Төрағасы тарапынан 2025 жылғы қыркүйекте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кездесуінде жарияланып, БҰҰ мен халықаралық институттардың тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл мақсатқа көпжақты дипломатияның негізгі қағидаттарын, соның ішінде мемлекеттердің егеменді теңдігін және халықаралық құқық үстемдігіне бейілділікті ілгерілету арқылы қол жеткізу көзделген.
Қазақстан Елшісі өз сөзінде Қытай тарапына Вена алаңындағы Жаһандық басқару жөніндегі достар тобына қосылуға шақырғаны үшін алғыс білдіріп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы барысында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бастамасын қолдаған алғашқы шетелдік мемлекет басшысы болғанын атап өтті. Сонымен қатар, Елші бұл бастама АЭХА-дағы мүше мемлекеттердің егеменді теңдігі қағидатын қалпына келтіру жөніндегі Қазақстанның ұсынысымен үндес екенін айтып, Агенттіктің басқару жүйесін жетілдіру мәселесі бойынша талқылауларды АЭХА Басқарушылар кеңесі күн тәртібінің қазақстандық тармағы аясында жалғастыруды ұсынды.
Кездесу қатысушылары теңқұқылық, құқық үстемдігі және өзара құрмет қағидаттарына негізделген халықаралық қатынастар жүйесін нығайтуға бағытталған Қытай бастамасын қолдап, оны Вена алаңында ілгерілету үшін күш-жігерді біріктіруге келісті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vienna/press/news/details/1215355?lang=kk

Жауап қалдыру