
Алматы облысында «Сөз құндылығы – цифрлық дәуірде» жобасының қорытынды шарасы өтіп, қазақ тілін дамытуға үлес қосып жүрген өзге ұлт өкілдері, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер мен жастар марапатталды. Бастама еліміздегі тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес қолға алынған. Жоба Талғар ауданынан басталып, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарында жалғасты. Бүгін Іле ауданында қорытындыланып, өз мәресіне жетті, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Іс-шара аясында тіл мен технологияны ұштастырған жобалардың көрмесі ұйымдастырылды. Облыс жастарының тіл меңгеруге қатысты танымдық курстары, мұғалімдердің жасанды интеллект арқылы іске асырылып жатқан ерекше бастамалары таныстырылды.
Салтанатты жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те қатысып, жобаның мән-мазмұнына тоқталды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, ұлттық құндылықтарды ұлықтаудағы ерен еңбегі үшін бірқатар азаматқа марапат табыстады.
«Бұл жоба Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында белгіленген стратегиялық бағыттарға сай іске асуда.
«Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» дейді халық даналығы. Ал цифрлық кеңістікте тіліміздің табиғи тазалығын сақтай отырып, оны заманауи талаптарға бейімдеу – уақыт талабы. Бұл ретте қазақ тілінің ғылыми, техникалық, цифрлық терминологиясын жүйелеу, контент сапасын арттыру және мемлекеттік тілдің цифрлық ресурстардағы үлесін көбейту маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.
Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы тіл мәдениетіне жаңа талаптар қойып отыр. Әлеуметтік желілер, онлайн платформалар, жасанды интеллект жүйелері тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, сонымен қатар оның сапасына, нақтылығына және сауаттылығына деген жауапкершілікті күшейтуде. Осындай жағдайда сөздің құндылығын сақтау – тек тіл мамандарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті деп білемін», – деген аймақ басшысы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады. Мәселен, Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы «Көп тіл – бір әлем» байқауын өткізіп, нәтижесінде өңірде 110 азаматтың 5 тіл білетіні анықталған. Марат Елеусізұлы бірнеше тілді меңгеру – жеке тұлғаның бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі факторлардың бірі екенін айтып, алайда бұл үдеріс ана тілінің мәртебесін әлсіретуге емес, керісінше оны нығайтуға бағытталуы тиіс екенін жеткізді. Сонымен қатар «Алатау дарыны» бағдарламасы аясында Қытай елінде білім алып жатқан үздік түлектер жайын сөз етті. 2024 жылы Қытай Халық Республикасымен облыс арасында жасалған меморандум негізінде Синьцзянь университетінде 30, 2025 жылы 27 түлек тегін оқуға жолдама алған. Ал биыл 65 дарынды талапкерге грант беріледі. Қазіргі таңда өңірдің 513 студенті шетелде білім алуда.
Аймақ басшысының айтуынша, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы тегін тіл үйрену курстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Мәселен, өткен жылы 2653 адам аталған курстарда мемлекеттік тілді меңгерген, оның 723-і – этнос өкілі. 674 адам ағылшын тілін, 120 адам орыс тілін үйрену курсына қатысқан. Сонымен қатар қандастардың тілдерді тез үйренуі үшін өткен жылы 3 айлық курс ұйымдастырылып, 302 қатысушыға сертификат тапсырылған.
Шара барысында Алматы облыстық цифрлық технологиялар басқармасы дайындаған платформалар халық назарына ұсынылды. Мәселен, «iProtocol» –хаттамалық тапсырмалар мен кеңестердің орындалуын бақылауға арналған жоба. «QazaqLaw» және Ұлттық ЖИ платформасы ресми құжаттар мен хаттарды сауатты дайындауға көмектеседі. Ал «MangiSoz» жүйесінде аудио мен мәтінді жеңіл әрі тиімді өңдеуге мүмкіндік бар. Бұл бастамалар – қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп келе жатқанының дәлелі.
Мазмұнды шара концерттік бағдарламаға ұласып, тіл меңгерудің маңызы, ана тілін ұлықтаудың мәні, ұлттар достығы мен бірлігін дәріптеген қойылымдар сахналанды.
Тіл тек қарым-қатынас құралы емес. Тіл – ұлттың жаны, болмысы. Кез келген халықты тілі арқылы ғана толық тануға болады. Технология қарыштап дамыған заманда оны меңгерудің заманауи тәсілдерінен де хабардар болған жөн. Ең бастысы, тілді жасанды интеллект пен инновацияларға икемдеп, жаңа платформаларды ана тілімізде еркін қолдана алуымыз маңызды. Алматы облысында бұл бағыттағы жұмыстар басты назарға алынған. «Сөз құндылығы – цифрлық дәуірде» жобасы – соның айқын дәлелі. Алдағы уақытта да тіл саясатын жетілдіру маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1215812?lang=kk

Жауап қалдыру