Әскери кафедралардың 13 мыңға жуық курсанты Отанға адал болуға ант берді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Отан қорғаушы күні қарсаңында елімізде алғаш рет жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының әскери кафедра курсанттары Әскери ант берді.

Салтанатты іс-шараларға Қорғаныс министрлігінің өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары, кафедра оқытушылары, Қарулы күштердің ардагерлері, қадірлі қонақтар мен ата-аналар қатысты.

– Биыл 2-6 мамыр аралығында еліміздің 80-нен астам жоғары оқу орнында шамамен 13 мың студент әскери ант берді. Бұл – елге қызмет ету жолындағы жауапты қадамды білдіретін шын мәніндегі ауқымды әрі маңызды оқиға. Біз үшін білім беру ғана емес, төзімді, рухты, жауапкершілігі жоғары, Отанды қорғауға шынайы дайын жас буынды тәрбиелеу де маңызды, – деп атап өтті Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 400-ден астам студент өз халқына, заңды сайланған Президентке адал болуға және егемен Қазақстанның Конституциясын қастерлеуге ант берді.

– Отбасымыз үшін бұл күн ерекше маңызды. Үлкен ұлым әскери қызмет жолын таңдаған, ал бүгін інісі де осы бағытта маңызды қадам жасап отыр. Бұдан сабақтастық пен әскери мамандыққа деген құрметті көремін. Ұлдарымды мақтан тұтамын, – деді Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ әскери кафедрасы түлегінің анасы Нұрсұлу Серікбаева.

Іс-шараға қатысушылар мен қонақтарға ЕҰУ-де отандық әскери техникалар көрмесі ұйымдастырылды. Онда «Besqaru» зауыты шығарған TAIMAS және AIBAR сауытты көліктері таныстырылды.

Бұдан бөлек ALAN жауынгерлік машиналарын қолдана отырып, барлау тобының тактикалық іс-қимылдары, ҰҚК Шекара қызметі Құрмет қарауылы ротасының және Арнайы операциялар күштері әскери қызметшілерінің орындауында қоян-қолтық ұрыс элементтерінің қойылымдары көрсетілді.

Енді «сержант» және «лейтенант» запастағы әскери атақтарын алған әскери кафедра түлектеріне күштік құрылымдарда әрі қарай қызмет ету және кәсіби дамуға кең мүмкіндіктер ашылады.

– Әскери кафедрада «әскери журналистика» мамандығы бойынша білім алдым. Осы бағытты таңдау себебім, әскери қызмет туралы ақпарат тарату, форма киген жандар мен олардың адалдығы жайында айту маңызды деп санаймын, – деді Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ әскери кафедрасының түлегі Айдар Ахмет.

Мұнда алған білім мен машық түлектердің ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қорғаныс қабілетін нығайтуға үлес қосатын білікті маман ретінде қалыптасуына негіз болары анық.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1215265?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді