
Қазығұрт ауданында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмақ емес» атты салтанатты шара өтті. Тағылымы терең кеште ел қорғаған ерлердің ерлігі ұлықталып, батыр бабалар рухына тағзым жасалды.
Мерекелік іс-шараға аудан әкімі Азизхан Исмаилов арнайы қатысып, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.
– Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста жанқиярлықпен ерлік көрсеткен ата-бабаларымыздың қайсарлығы мен қаһармандығы – халқымыздың мәңгілік мақтанышы. Қазығұрт топырағынан түлеп ұшқан мыңдаған азамат майдан даласында ел мен жер үшін от кешті. Солардың ішінде Орта Азиядан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Рақымов пен батыр Қарақозы Әбдәлиевтің есімі ел жадында алтын әріппен жазылды. Ал майданнан аман оралған ардагерлер мен тыл еңбеккерлері ел еңсесін тіктеп, өңірдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Біз олардың алдында әрдайым тағзым етуге міндеттіміз, – деді аудан басшысы.
Салтанатты жиын барысында 1986 жылғы Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың 40 жылдығына орай, апат салдарын жоюға қатысқан бірқатар азаматтар «Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жою» және «Чернобыль ардагерінің ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
Сонымен қатар, әскери қызметте жауынгерлік және дене шынықтыру дайындығынан жоғары нәтиже көрсетіп, тәртібімен ерекшеленген сарбаздардың аналарына «Үздік жауынгердің анасы» медалі табысталды. Бұл – ұл тәрбиесіндегі ананың рөліне көрсетілген ерекше құрмет болды.
Шара барысында аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары әсерлі концерттік бағдарлама ұсынып, патриоттық әндер шырқалып, ұлттық билер орындалды. Көрермендерге рух сыйлаған тағылымды қойылымдар елдік пен ерліктің мәнін терең ұғындырды.
Батырлардың ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің жанқияр еңбегі – бүгінгі бейбіт өмірдің берік негізі. Олардың есімі ел жадында мәңгі сақталып, ұрпақ санасында жаңғыра бермек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kazygurt-audany/press/news/details/1216018?lang=kk

Жауап қалдыру