Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков пен Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Ұлы Отан соғысының ардагері, ғасыр жасаған қария Эрмохан Ишхоновтың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Кездесу барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің арнайы құттықтау хаты мен сый-сияпаты табысталып, майдангерге зор құрмет көрсетілді.
Құрметті қонақтарды ақжарқын көңілмен қарсы алған ардагер майдан даласында бастан өткерген ауыр күндерден естелік айтып, сұрапыл соғыс жылдарындағы ерліктері мен қарулас достары туралы сыр шертті. Әңгіме барысында ел тәуелсіздігі мен бейбіт өмірдің қадірін ерекше атап өтіп, жас ұрпаққа амандық пен бірлік тіледі. Сондай-ақ көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Эрмохан Ишхонов 1923 жылдың 1 қаңтарында Ташкент облысы, Калинин ауданында дүниеге келген. 1942 жылдың 5 мамырында әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына аттанған. Майдандағы ерлігі мен Отан алдындағы адал қызметі үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «КСРО Гвардиясы», «1941–1945 жылдардағы Отан соғысы» ордендерімен, сондай-ақ «Мінсіз қызмет атқарғаны үшін», «Украинаның 50 жылдығы», «Ерлігі үшін» сынды көптеген медальдармен марапатталған. Бүгінде ардагер 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, 53 немере, 79 шөбере және 19 шөпшек сүйіп отырған абыз ақсақал.
Айта кетейік, Бүгінде Түркістан облысында Ұлы Отан соғысының небәрі 3 ардагері қалды. Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген адамдар – 1 462, тыл ардагерлері – 2 082. Қазіргі таңда, Ұлы Отан соғысының ардагерлері өңірдің үш ауданында, атап айтқанда, Сайрам, Сарыағаш, Жетісай аудандарында тұрады. Оларға мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Биыл ардагерлерге 5 миллион теңгеден тапсырылды. Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген адамдарға, тыл ардагерлеріне, қайтыс болған соғыс мүгедектерінің әйелдеріне де заң шеңберінде бірреттік әлеуметтік көмек қарастырылған.
Жауап қалдыру