
Балқаш қаласындағы Ә. Ермеков атындағы №17 мектеп-лицейінде автоматтандырылған суару жүйесі мен күн энергиясы арқылы жұмыс істейтін заманауи «ақылды жылыжай» табысты қызмет етіп келеді. Жылыжайдағы жабдықтың үздіксіз жұмысын және өсімдіктердің күйін оқушылар ұстаздармен бірлесе қадағалайды. Жобаның пайда болу тарихы мен оның білім беру үдерісіндегі маңызы туралы STEM бағытының жетекшісі Валерия Подшивалова баяндап берді.

Бұған дейін мектеп жылыжайында негізінен сәндік гүлдер өсірілгенімен, тұрақты әрі нәтижелі гүлденуге қол жеткізу оңай болмаған. Бұған Балқаш өңіріне тән құрғақ климат пен жаз мезгілінде тұрақты күтімнің болмауы әсер еткен — демалыс кезеңінде қызметкерлердің басым бөлігі жұмыста болмайтын.

Жылыжайды жаңғырту идеясы мектептің Balkhash STEAM Serpini жобасына қатысуынан кейін дүниеге келді.

№17 лицей байқауда үздік шыққан бес оқу орнының қатарына еніп, «Автономды күн электрмен жабдықтау жүйесі және тамшылатып суару элементтері бар Smart-жылыжай» жобасын жүзеге асыруға 1,5 млн теңге көлемінде грант иеленді.

– Бұл жоба ең алдымен оқушылар үшін ерекше маңызды, өйткені жылыжай шынайы STEAM зертханасына айналды. Ал педагогтер үшін бұл – заманауи оқу-тәжірибелік алаң, мектеп үшін – жаңа форматтағы білім беру кеңістігі. Сонымен қатар, үдерістерді автоматтандыру су мен электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді, – дейді STEM бағытының жетекшісі Валерия Подшивалова.

Грант қаражаты есебінен жылыжайға күн панельдері, фитолампалар және температура көтерілген сәтте автоматты түрде ашылатын желдету жүйесі орнатылды. Қазіргі уақытта 200 құмыраға арналған тамшылатып суару жүйесі де іске қосылу сатысында. Жүйенің жұмысын қамтамасыз ету үшін арнайы насос алынған. Барлық деректерді жинау, өңдеу және сақтау Raspberry Pi микрокомпьютері арқылы жүзеге асырылады.

Жобаны іске асыруға мұғалімдер де, оқушылар да белсенді түрде атсалысуда. Физика пәнінің мұғалімі Евгения Ким энергетика және қауіпсіздік мәселелері бойынша ғылыми-әдістемелік кеңес берсе, колледж студенті Арсений Подшивалов датчиктерді баптауға көмектеседі.

10-сынып оқушысы Леонид Зайцев құрылғыларды құрастыру және орнату жұмыстарын атқаруда.

Жобаның дизайн және визуалдық шешімдерін Каролина Ковальчук әзірлесе, зерттеу бағытын 8-сынып оқушысы Ксения Оралбекова жүргізеді.

– Біз балаларды жылыжай әлемімен бірінші сыныптан бастап таныстырамыз – олар мұнда экскурсияға келіп тұрады. Қазіргі таңда негізгі жұмысты 9–10-сынып оқушылары атқаруда, алайда биыл 6–7-сыныптарды да жобаға тартуды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта жобаны одан әрі дамытып, автоматтандыру деңгейін арттырып, түрлі деңгейдегі байқауларға қатысуды көздеп отырмыз, – деп атап өтті Валерия Подшивалова.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1217058?lang=kk

Жауап қалдыру