Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Иван Панфилов ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштердің Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров Жеңіс күніне орай Жерұйық саябағындағы генерал-майор Иван Панфиловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары сұрапыл соғыста қаза тапқан майдангерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Іс-шараға Қарулы күштердің ардагерлері мен әскери қызметшілері, “Жас сарбаз” әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.

Салтанатты рәсімге қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтаған генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров Жеңіс күні ел тарихында және әрбір қазақстандықтың өмірінде ерекше орын алатын дата екенін атап өтті. Осыған байланысты барлық гарнизондарда Ұлы Жеңіс күнін мерекелуге арналған іс-шаралар өткізіліп жатқаны айтылды.

– Жеңіс күні – халқымыз үшін ерекше маңызы бар мереке. Бұл күн – Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі жолында ерлік көрсеткен батырлардың рухына тағзым ететін күн. Майдангерлердің қайсарлығы мен жанқиярлығы ешқашан ұмытылмайды. Жеңіс мерекесі ұрпақтарды бірлікке үндеп, бейбіт өмір мен тәуелсіздіктің қадірін ұғындырады. Сондықтан тарихи жадымызды сақтап, оны кейінгі буынға жеткізу – ортақ міндетіміз. Соғыс ардагерлерін құрметтеу және олардың ерлігін ұлықтау – азаматтық парызымыз, – деді Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары.

Соғыс жылдары Қазақстаннан 1,2 миллионнан астам адам майданға аттанды, олардың жартысы елге оралған жоқ. Көптеген қазақстандық соғыста көрсеткен ерлігі үшін ең жоғары жауынгерлік наградалармен марапатталды.

1941 жылғы шілде айында Алматыда жасақталған, генерал Иван Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы Мәскеу түбіндегі шайқаста фашистік Германия әскерінің шабуылын тойтарып, қайсарлық көрсетті. Оның ішінде 28 батыр Дубосеково торабында ондаған танкіге қарсы тұрып, жаудың жойқын күшін тоқтатты.

Сол жылы 23 қарашада дивизияға соғыста ерлікпен қаза тапқан оның тұңғыш командирі Кеңес Одағының Батыры генерал Иван Панфиловтың есімі берілді

Иван Панфиловқа арналған ескерткіш 2015 жылы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында «Жерұйық» саябағында ашылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1217092?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді