Асхат Шахаров өңірдегі жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Грецкийге Президент құттықтауын жеткізді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

9 мамыр – Жеңіс күнінде аймақ басшысы Асхат Шахаров Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Иванович Грецкий тұратын Хромтау қаласына барды. Қазір майдангер – 102 жаста.

Асхат Шахаров Василий Ивановичті 9 мамыр мерекесімен құттықтап, оның ерлігіне алғыс білдірді. Сондай-ақ ардагерге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жеңіс күніне орай жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

«Бұл мереке – жеңімпаз ұрпақтың қайсар рухы мен теңдессіз төзімінің символы. Адамзат тарихындағы ең қанды соғыстың бар ауыртпалығы мен қиыншылығын көтере отырып, Сіздер біздің бейбіт өмірге, еркіндікке және жарқын болашаққа деген құқығымызды қорғап қалдыңыздар. Сіздің өмір жолыңыз – жас ұрпақ үшін шынайы отансүйгіштіктің үлгісі.
«Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» деген сөздерде Жеңіс күнінің мәні жатыр. Халқымыз майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің теңдессіз ерлігін әрдайым есте сақтап, құрметтейді», – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Президент ардагерге зор денсаулық пен амандық тіледі.

Кездесу барысында Асхат Шахаров соғыс жылдарындағы Ақтөбе облысы тұрғындарының ерлігіне тоқталып, сол оқиғалардың тікелей қатысушысы болған Василий Грецкийге ризашылығын жеткізді.

«Соғыс жылдары Ақтөбе облысынан майданға 122 мың адам аттанды, олардың 36 мыңы елге оралмады. Жерлестеріміздің арасында 35 «Кеңес Одағының Батыры» және «Даңқ» орденінің толық 9 иегері бар. Олардың ерлігі мен жанқиярлығы – нағыз патриотизм мен елге адал қызмет етудің үлгісі болып қала береді. Василий Иванович Ұлы Отан соғысының майдандарында шайқасып, Жеңісті Берлин түбінде қарсы алған. Оның өмір жолы – қайсарлық, рух мықтылығы және Отанға деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі», – деді ардагерге мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеген өңір басшысы.

Майдангердің үйінің ауласында Василий Ивановичке арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды. Патриоттық әндер шырқалып, жеңімпаз ұрпақтың ерлігіне арналған жүрекжарды лебіздер айтылды.

Василий Грецкий 1924 жылы Беларусь Республикасының Полоцк қаласында дүниеге келген. Бала кезінде отбасымен бірге Қазақстанға, Жамбыл облысындағы Шу станциясына қоныс аударған. 1942 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылып, Алматыда әскери дайындықтан өткеннен кейін майданға аттанған. Украин және Беларусь майдандарында соғысып, Польша, Венгрия, Чехословакия және Германия аумағындағы шайқастарға қатысқан. Үш рет жараланған. Жеңісті Берлин түбінде қарсы алған.

1946 жылдың ақпан айында елге оралып, Шу станциясындағы локомотив депосында еңбек етті. 2001 жылы қызының қолына Хромтау қаласына көшіп келіп, содан бері сонда тұрып жатыр.

Майдандағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы және Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған. Сонымен қатар көптеген мерейтойлық медаль иегері.

Василий Ивановичтің екі қызы мен бір ұлы, 6 немересі және 10 шөбересі бар.

Ардагер келген қонақтарға алғысын білдіріп, баршаға бейбіт өмір, амандық және ашық аспан тіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-sayasat/press/news/details/1217119?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді