
2026 жылғы 9 мамыр, Лёсден – Жеңіс күніне орай Лёсден қаласындағы «Кеңестік Даңқ алаңы» (Sovjet Ereveld) мемориалдық кешенінде Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына және Нидерланд аумағында қаза тапқан кеңес жауынгерлерінің ерлігін мәңгі есте сақтауға арналған салтанатты еске алу рәсімі өтті. Аталған іс-шара соғыс құрбандары мен нацизмді жеңудегі Жеңістің тарихи жадын сақтау мақсатында дипломатиялық корпус өкілдерін, Нидерланд билігін, қоғамдық ұйымдар мен жергілікті тұрғындарды біріктірген маңызды халықаралық гуманитарлық оқиғаға айналды.
Рәсім Нидерландта жыл сайын мамыр айының басында дәстүрлі түрде өткізілетін еске алу іс-шаралары аясында өтті. Жыл сайын 4 мамырда елде Ұлттық еске алу күні (Nationale Dodenherdenking), ал 5 мамырда 1945 жылғы нацистік оккупацияның аяқталуын білдіретін Нидерландты азат ету күні (Bevrijdingsdag) атап өтіледі.
Лёсден қаласының мэрі Геролф Бауместер мен «Кеңестік Даңқ алаңы» қорының (Stichting Sovjet Ereveld) директоры Ремко Рейдинг қазақстандық дипломаттарға жолдаған шақыру хатында бұрынғы кеңестік республикалар халықтарының фашизмді жеңуге қосқан үлесінің ерекше маңызы және соғыс құрбандарының рухына тағзым етудің маңыздылығы атап өтілді. Атап айтқанда, шақыруда:
«Мамыр айында біз Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуын еске аламыз. Біз фашизмді жеңуді атап өтіп, осы соғыстың көптеген құрбандарының рухына тағзым етеміз. Сіздің еліңіз бұл Жеңіске зор үлес қосты және соғыс жылдарында ауыр шығындарға ұшырады. Біз бұл атаулы күннің еліңіз үшін маңызын түсінеміз», – деп көрсетілген.
Салтанатты рәсімге Елші А.Рахметуллин бастаған Қазақстан Елшілігінің делегациясы қатысты. Қазақстан атынан мемориалға қаза тапқан жауынгерлердің рухына құрмет білдіру және олардың ерлігі мен жанқиярлығына тағзым ету белгісі ретінде гүл шоғын қою рәсімі өтті.
Лёсден қаласындағы «Кеңестік Даңқ алаңы» (Sovjet Ereveld) мемориалдық кешені Батыс Еуропадағы кеңес жауынгерлері жерленген ең ірі орындардың бірі саналады. Мұнда Қазақстаннан және бұрынғы Кеңес Одағының өзге республикаларынан шыққан сарбаздарды қоса алғанда, 865 жауынгер мен офицер жерленген. Нидерландтық зерттеушілердің, архивистер мен еріктілердің көпжылдық еңбегінің арқасында көптеген қаза тапқандардың есімдері анықталып, олардың тағдырлары туралы деректер қалпына келтірілді.
Биылғы еске алу іс-шаралары аясында 9 сәуірде Лёсден қаласында 1942 жылы бұрынғы «Амерсфорт» концлагері маңында нацистер атып кеткен 77 кеңестік әскери тұтқынның рухына арналған жеке мемориалдық рәсім өтті. Зерттеушілердің мәліметінше, қаза тапқандардың басым бөлігі Қазақстанды қоса алғанда, Орталық Азия республикаларынан шыққан. Рәсім «Кудрист» мемориалдық обелискісі жанында өтіп, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Нидерланд аумағында қаза тапқан кеңес жауынгерлерінің рухын ұлықтауға бағытталған «Кеңестік Даңқ алаңы» қорының қызметінің жалғасына айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-hague/press/news/details/1217144?lang=kk

Жауап қалдыру