
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің отырысында 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, жол саласының жай-күйі және өрт қауіпті кезеңге дайындық мәселелері қаралды.
Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша облыс жоғары даму қарқынын көрсетуде. Қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш 125%-ды құрады. Өсімге экономиканың базалық салалары негізгі үлес қосты. Өнеркәсіп көлемі 36,8%-ға, өңдеу секторы 39,8%-ға, сауда 20,8%-ға, көлік саласы 17,4%-ға өсті.
Отырыс барысында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бірқатар бағыттар бойынша жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті. Басым міндеттердің қатарында инвестиция тарту жұмыстарын жандандыру, жүзеге асырылып жатқан жобалардың тиімділігін арттыру және өңір экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету бар.
Жол саласына да ерекше назар аударылды. Соңғы үш жылда өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға 132,2 млрд теңге бағытталып, 1,6 мың шақырым жол жөнделді. Биыл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен көше-жол желісінің шамамен 300 шақырымы түрлі жөндеу жұмыстарымен қамтылады.
Облыс әкімі мердігер ұйымдардың жұмысын бақылауды күшейтуді және барлық жобалардың уақытылы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар отырыста өрт қауіпті кезең мәселесі жеке қаралды. Салаға жауапты ведомстволардың жауапкершілігі, алдын алу шараларын жүргізу, жағдайды тұрақты бақылау және ықтимал қауіптерге жедел әрекет ету қажеттігі атап өтілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko-sayasat/press/news/details/1217268?lang=kk

Жауап қалдыру