
Антқа адалдық пен Жеңіс рухы: ШҚО ПД-да гарнизондық саптық жиын өтті
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің алаңында Ұлы Жеңіс күніне орай жеке құрамның салтанатты гарнизондық саптық жиыны өтті.
Жиынды ШҚО ПД бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков өткізді. Іс-шараға полиция қызметкерлері, ішкі істер органдарының ардагерлері, сондай-ақ мемлекеттік наградаларға ие болған қызметкерлердің туған-туыстары мен жақындары қатысты.
Жеке құрамға арнаған сөзінде облыстың бас полицейі мереке күндері қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуы тиіс екенін атап өтті.
— Азаматтардың өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қорғау — біздің тікелей міндетіміз. Жеке құрамнан барынша қырағылық, қатаң тәртіп және кез келген құқықбұзушылыққа заң аясында жедел әрекет етуге толық дайындық талап етіледі. Қызметкерлер қойылған міндеттерді абыроймен атқарып, ұстамдылық және антына адалдық танытады деп сенемін, — деді Ерлан Омарбеков.
Салтанатты рәсімнің ерекше сәттерінің бірі — Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік наградалармен марапатталған қызметкерлерді құрметтеу болды.
«Айбын» орденімен полиция подполковнигі Руслан Өмірбекұлы, ал «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен Айхат Әміртай мен Самат Наменов марапатталды.
— Әріптестеріміздің Мемлекет басшысы тарапынан жоғары бағалануы — біз үшін зор мақтаныш. Әрбір марапаттың артында ерлік, қызметке адалдық және ар-ождан мен парызға сай әрекет ету жатыр, — деп атап өтті Е.Омарбеков.
Сондай-ақ, қызметкерлердің отбасылары мен ішкі істер органдарының ардагерлеріне алғыс білдірілді. Олардың қатарында биыл Мемлекет басшысының «Құрмет» орденімен марапатталған ШҚО ІІО және Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы Үдербаев Нұрлыбек Ғалиұлы да бар.
Іс-шара Шығыс Қазақстан облысы полицейлерінің қызметке толық дайын екенін көрсеткен саптық маршпен аяқталды.
Пресс-служба ДП ВКО

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1217897?lang=kk

Жауап қалдыру