
Қызмет тарихындағы есім: ШҚО ПД-да соғыс және ІІМ ардагеріне арналған ескерткіш бұрышы ашылды
Полиция департаментінің мұражайында Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері Тайбағаров Зайтан Оспанұлына арналған ескерткіш бұрышының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Шара тарихи естелікті сақтау, ардагерлердің ерлігін дәріптеу және жас қызметкерлердің бойында патриоттық сезімді, қызметтік борышқа адалдықты қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.
Салтанатты шараға ШҚО ПД бастығының орынбасары Серік Манапов, бөлініс басшылары, ішкі істер органдарының қызметкерлері мен ардагерлері, сондай-ақ Зайтан Оспанұлының жақын туыстары қатысты.
Тайбағаров Зайтан Оспанұлы 1926 жылы 5 шілдесінде Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ол Ұлы Отан соғысының қатысушысы және КСРО ІІМ ардагері.
1945-1950 жылдар аралығында Қызыл Армия қатарында, жауынгерлік жолын Прага түбінде аяқтаған 10-шы Гвардиялық кавалериялық дивизия құрамында қызмет еткен. Соғыстан кейін өмірін ішкі істер органдарына арнап, 30 жылдан астам уақыт бойы түрлі жедел және басшылық лауазымдарды атқарған.
Көрсеткен батылдығы мен мінсіз қызметі үшін «1941–1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен, «Милиция үздігі» төсбелгісімен, сондай-ақ бірқатар ведомстволық наградалармен марапатталған.
Жиын барысында қатысушылар ардагердің өнегелі өмір жолын, Отанға деген адалдығы мен көпжылдық еңбегін атап өтті. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге үлес қосқан тұлғаларды ұлықтау — ұрпақтар сабақтастығының ажырамас бөлігі.
Департамент бастығының орынбасары Серік Манапов ардагерлердің ерлігі мен қажырлы еңбегін есте сақтаудың маңыздылығына тоқталып, мұндай шаралар жас мамандардың патриоттық рухын нығайтатынын атап өтті.
Шара соңында қатысушылар ардагерді бір минуттық үнсіздікпен еске алып, ескерткіш бұрышына қойылған Зайтан Тайбағаровтың фотосуреттерімен, мұрағат құжаттарымен және жеке заттарымен танысты.
ШҚО ПД баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1217925?lang=kk

Жауап қалдыру