
Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бердешов Жұмасұлтан Оразбекұлы мәжілісті ашып, облыс орталығынан келген қонақтарды аудан тұрғындарымен таныстырды және әлеуметтік саладағы қолданыстағы заңнамалардың орындалу барысына тоқталды.
Мәжіліс барысында Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы Қазақстан Республикасының еңбек және әлеуметтік қорғау саласындағы заңнамалық актілердің талаптарын қатаң сақтау қажеттігін атап өтті. Ол «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заң шеңберінде атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау рәсімдерінде әділдік, ашықтық және заңдылық қағидаттарының толық сақталуы тиіс екендігін жеткізді. Сонымен қатар, Отбасының цифрлық картасы жүйесіндегі «D» және «E» санаттарына жататын отбасылар санын азайту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін тиімді және мақсатты түрде пайдалану маңызды екендігін атап өтті.
Бұдан әрі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Еңбек қауіпсіздігін бақылау және қорғау бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Дурменов Рауан Жұмадулаевич еңбек қатынастарын реттеу мәселелеріне кеңінен тоқталды. Ол Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес еңбек шарттарын электрондық форматта міндетті түрде рәсімдеу, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау және еңбек қатынастарын заңдастыру тетіктерін толық енгізу қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, спикер «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» және «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заң талаптарына сәйкес міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды уақтылы әрі толық көлемде төлеудің әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызын түсіндірді. Сондай-ақ «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Заң талаптарына сәйкес барлық қызметкерлерді міндетті сақтандыру жүйесімен қамту және еңбек қауіпсіздігі нормаларын қатаң сақтау қажеттілігіне ерекше назар аударды.
Жалпы, қатысушылар еңбек және әлеуметтік саладағы заң талаптарын сақтау тек жұмыс берушілердің міндеті ғана емес, сонымен қатар жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуын, еңбек қауіпсіздігін және әл-ауқатын қамтамасыз етудің негізгі кепілі екендігін атап өтті.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі!!!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1218045?lang=kk

Жауап қалдыру