
Қызылорда қаласында полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында денсаулығы күрт нашарлаған 5 айлық сәби дер кезінде медициналық көмек алды.
Қызылорда қаласының тұрғындары 5 айлық қызының кенеттен құрысып қалғанын айтып, көмек сұраған. Сол сәтте қызмет атқарып жүрген Қызылорда қаласы полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары Мұхтар Абимолдаев, Шахмардан Нұржанұлы және Рахымжан Жұмаділдаев дереу әрекет еткен.
Тәртіп сақшылары қызметтік автокөліктерінің арнайы жарық және дыбыс белгілерін қосып, ата-ананы сәбиімен бірге жедел түрде Қызылорда қалалық ауруханасына жеткізді. Полицейлердің кәсіби шеберлігі мен шұғыл әрекетінің нәтижесінде нәресте дер кезінде дәрігерлердің қарауына алынып, қажетті медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі таңда сәбидің жағдайы тұрақталған.
Қызының өміріне араша түскен полиция қызметкерлеріне, сондай-ақ Қызылорда қалалық ауруханасының дәрігерлеріне, жедел жәрдем қызметкерлеріне және Балалар ауруханасының медицина мамандарына ата-анасы шынайы алғыстарын білдірді.
— Қиын сәтте дер кезінде көмекке келіп, жанашырлық пен жоғары жауапкершілік танытқан азаматтарға алғысымыз шексіз. Қызымыздың өміріне бейжай қарамай, уақытпен санаспай әрекет еткендеріңізді ешқашан ұмытпаймыз. Сіздерге зор денсаулық, отбастарыңызға амандық, ел тыныштығы жолындағы қызметтеріңізге табыс пен береке тілейміз, — дейді ата-анасы.
Бұл оқиға тәртіп сақшыларының тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, кез келген жағдайда азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға әрдайым дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1218208?lang=kk

Жауап қалдыру