
12 мамыр – Алаш қайраткері, алғашқы темір жол инженері, тарихшы Мұхамеджан Тынышбайұлының туған күні.
Осыған орай М.Тынышбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі мен «Мұхамеджан Тынышбайұлы мұрасы» қорының бірлескен ұйымдастыруымен Тіл Сарайында «Мұхамеджан Тынышбайұлы және Алаш мемлекеті: ұлттық қазына мен тарихи мұра» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға тарихшылар, өлкетанушылар, зиялы қауым өкілдері, Талдықорған орта мектебінің мұғалімдері, Жетісу университетінің білімгерлері қатысты.
Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты Жомарт Игіман, тарих ғылымдарының кандидаты Күлімкөз Сантаева, журналист, Жетісу өлкетанушылар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қажет Андас Мұхамеджан Тынышбайұлының ұлт жолындағы елеулі еңбектері туралы мазмұнды баяндама жасады. Сонымен қатар, Алаш қайраткерінің немересі Елена Ескендірқызы Тынышбаева, «Мұхамеджан Тынышбаев мұрасы» қоғамдық қорының төрағасы, кәсіпкер Саят Есімханов, Жетісу облыстық М.Тынышбаев қорының төрағасы, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті профессоры Болат Молдабеков, музей ардагері Төлеухан Битимбиев тағылымы мол естеліктерімен бөлісіп, тарихи деректерге тоқталды.
Шара соңында қатысушылар Мұхамеджан Тынышбайұлының ел тәуелсіздігі мен ұлт руханияты жолындағы өлшеусіз еңбегін ерекше атап өтіп, тағылымды кездесудің жастар тәрбиесіндегі маңызына кеңінен тоқталды. Кеш қонақтары Алаш қайраткерінің бай мұрасын насихаттау бағытындағы игі бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-archive/press/news/details/1218635?lang=kk

Жауап қалдыру