
Аймақ басшысы Берік Уәли Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Тұран» сыйлығының лауреаты, ҚР суретшілер Одағының мүшесі, «Қазақ өнері» 5 томдық жинағының авторы Қоңыртай Мұхамедиевпен кездесті.
Кездесу барысында өңірдегі бейнелеу өнерін дамыту, ұлттық мәдени мұраны насихаттау, жас суретшілерге қолдау көрсету және шығармашылық байланысты нығайту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, қазақ өнерінің тарихы мен рухани құндылықтарын кеңінен дәріптеу бағытындағы бастамалар сөз болды.
Өз кезегінде Қоңыртай Әбділдәұлы өңір мәдениетін дамытуға қатысты ой-пікірімен бөлісіп, алдағы жоспарларын айтты. Семейде ядролық сынақ полигоны зардаптарына арналған музей-кешенінің жобасын әзірлеп жатқанын жеткізді.
Облыс әкімі суретшінің ұлттық өнерді дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, шығармашылық еңбегіне табыс тіледі. Кездесуде айтылған ұсыныстар мен бастамалардың назарға алынатынын атап өтті.
Берік Уәли кездесуде өңірдің мәдениет саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай тұңғыш рет 10 күндік ретінде аталып өткен Абайдың 180 жылдығы аясында түрлі мәдени-рухани, танымдық, интеллектуалдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, облыс әкімінің қолдауымен «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында Семей өңірінен шыққан ақын-жазушылардың, өнер адамдарының 19 автордың 25 кітабы жарық көрді. Өңірдегі 8 мәдени нысанда ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, 100 орындық 2 ауылдық клуб ашылды.
Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. «Қазақстан халқына» қорының көмегімен 30 ауылдық кітапхана жаңғыртылады. Сондай-ақ, «Мирас» сериясы арқылы тұңғыш рет арнайы топтастырылып, Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай алаш қайраткерлерінің балаларға арналған аудармалары 35 кітап болып жарық көрмек. Бұл құнды мұра демеушілердің қаражатымен шығып, Республика күніне орай қалың оқырманмен қауышатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1218959?lang=kk

Жауап қалдыру