2026 жылғы 13 мамырда Алматы қаласы Білім басқармасының Әдістемелік орталығы «И.В. Панфилов атындағы №54 мамандандырылған мектеп-лицейі» КММ базасында Алматы қаласының жас басшылары мен кадрлық резерв өкілдеріне арналған «Тәлімгерлік мектебі» аясында «Тиімді басқарушылық команданы қалыптастыру» тақырыбында қалалық әдістемелік семинар-практикумын өткізді.
Іс-шара барысында заманауи мектепті басқарудың өзекті мәселелері, басқару мәдениетін дамыту, нәтижелі команда құру және басшының көшбасшылық қасиеттерін жетілдіру жолдары жан-жақты қарастырылды.
Семинарда басқарушылық шешім қабылдау, жас басшылар жиі жіберетін қателіктердің алдын алу, мектепішілік өзара ықпалдастықты ұйымдастыру, сондай-ақ басқару үдерістерінің тиімділігін арттыру мен білім беру ұйымы қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Практикалық бөлім аясында мектеп директорлары мен қатысушылар мектеп тәжірибесіндегі нақты басқарушылық кейстерді талқылап, басшылық қызмет барысында туындайтын күрделі жағдайларға талдау жасап, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастырды. Сонымен қатар, заманауи мектеп жағдайында басқарушылық ойлау қабілетін, командалық жұмыс дағдыларын және тиімді шешім қабылдауды дамытуға бағытталған практикалық жұмыстар ұйымдастырылды.
Семинардағы баяндамалар мен тәжірибе бөлісу ұжымдағы қолайлы психологиялық ахуалды қалыптастыруға, сенімді қарым-қатынасты дамытуға және білім беру ұйымын табысты басқарудың негізі саналатын командалық өзара байланысты нығайту мәселелеріне арналды.
Аталған семинар тәжірибе алмасуға, білім беру саласындағы өзекті басқарушылық мәселелерді талқылауға және Алматы қаласының жас басшыларының кәсіби құзыреттілігін арттыруға мүмкіндік берген маңызды кәсіби алаңға айналды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-edu/press/news/details/1219229?lang=kk

Жауап қалдыру