
Жетісу облысының Балпық би ауылында әрқайсысы 60 пәтерлік бес қабатты екі үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сол сияқты Бозтоған ауылындағы мектеп күрделі жөндеуден өткізілуде. Бүгін Көксу ауданына барған сапары барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев аталған құрылыс алаңдарында болып, жұмыстың сапасын көрді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бозтоған ауылындағы Мұсабек атындағы орта мектеп 1987 жылы салынған. Мұндағы жөндеу жұмыстары өткен жылдың мамыр айында басталған болатын. Соның аясында сейсмикалық нығайту, сыныптарды заман талабына сай жаңарту жұмыстары атқарылды. Қазіргі кезде нысанның дайындығы – 95 пайыз.
Білім ошағының ішкі кейпімен таныстырған мектеп директоры Шолпан Нұрғазинова қазір қажетті жиһаздар мен жабдықтар әкелініп жатқанын айтты. Бейбіт Исабаев мектептің спорт залын, мәжіліс залын, асханасын, пән кабинеттері мен сырттағы ойын және спорт алаңдарын аралап көрді. Үлкен мектепте қазіргі таңда 420-дан астам оқушы оқиды. Бұл ретте өңір басшысы алдағы оқу жылын дұрыс жоспарлап, мектепті күтіп ұстауды тиімді ұйымдастыруды тапсырды.
Сол сияқты Балпық би ауылында бір жерде қатар салынып жатқан қос үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Құрылыс учаскесінің бастығы Жақсылық Өтегенұлының айтуынша, қажетті материалдар түгел жеткізілген. Құрылыс жұмыстарын тамыздың соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
– Қазіргі таңда бір үйдің шатырын жауып жатырмыз. Ал екінші үйдің ішкі бөлмелерін бөлу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс алаңында 80-дей адам жұмыс істеп жатыр, – деді ол.
Облыс әкімі үйдің ішкі құрылыстарының барысын қарап, сыртқы қасбетінің эскизін көрді. Тұрғын үйде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандус, арнайы көтергіш болуы, сол сияқты инженерлік жүйелерге дер кезінде қосу керектігін ескертті. «Ең бастысы құрылыстың сапалы болуына ерекше назар аудару керек» – деді Б. Исабаев.
Атап өтсек, әр үйде 30 үш бөлмелі, 15 екі бөлмелі, 15 бір бөлмелі пәтер бар. Бұл тұрғын үйлер құрылысы аяқталған соң «Отбасы банк» АҚ арқылы ауданда кезекте тұрған азаматтарға беріледі деп жоспарланған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-koksu/press/news/details/1219388?lang=kk

Жауап қалдыру