
Қарағанды облысында жаңа ірі өндіріс орны ашылады. Абай ауданының Дубовка кентінде жылына 1 миллион тоннаға дейін металлургиялық кокс өндіретін зауыт салынады. Үкіметтің ресми сайтында хабарланғандай, Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және жоғары деңгейлі өңдеу кластерлерін құру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Энергетика министрлігі мен Kazakhstan Success Coking Energy ЖШС арасында инвестициялар туралы келісім мақұлданды. Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған.
Жоба көмір шикізатын терең өңдеуді дамытуға, қосылған құны жоғары өнім шығаруға және Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға бағытталғаны атап өтілді. Инвестиция көлемі 63,5 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорында 500-ге дейін тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек, жерасты шахтасының құрылысы тағы 500 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
«Көмір химиясы өнімдері энергетика, ауыл шаруашылығы, металлургия, фармацевтика және басқа да салаларда кеңінен қолданылады. Жоба кокс бойынша импортты айтарлықтай алмастыруға мүмкіндік береді. Ішкі нарық толық қамтылғаннан кейін артық өнім экспортқа шығарылатын болады», – делінген Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Өндірісті іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Алғашқы кезеңде кәсіпорын жылына 500 мың тоннаға дейін кокс өндіреді. Ал толық өндірістік қуатқа зауыт 2031 жылы шығуды жоспарлап отыр.
Инвестор құрылыс барысында отандық өндірушілердің тауарлары, жұмыстары мен қызметтерін басымдықпен пайдалануға міндеттенеді. Бұл қазақстандық жеткізушілердің жүктемесін арттырып, жобаға байланысты салалар үшін экономикалық тиімділікті күшейтеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1219732?lang=kk

Жауап қалдыру