Қарағандыда Азияның ең мықты палуандары кездесті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағанды қаласында қазақ күресінен «Сарыарқа батырлары» атты Азия Кубогы басталды. Жарыс Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Диханбай Биткөзовтің 85 жылдық мерейтойына арналып отыр. 

Халықаралық турнирге Қазақстан, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Грузия және Тәжікстан елдерінен келген ең мықты палуандар қатысуда.

Жарыс барысында чемпиондық белбеулер мен жалпы жүлде қоры 10 миллион теңгені құрайтын сыйлықтар сарапқа салынып жатыр. Барлығы 200-ден астам спортшы өзара мықтыны анықтауда.

Турнирдің ашылу салтанатында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қазақ күресінің ел мен өңір үшін ерекше маңызын атап өтті.

— Қазақ күресі — жай ғана спорт емес. Ол — біздің тарихымыздың, мәдениетіміздің және ұлттық болмысымыздың бір бөлігі. Бұл спорт түрі ерік-жігерді, табандылықты, әділдік пен құрметті қалыптастырады, — деді өңір басшысы.

Оның айтуынша, бұл турнир тек спортты насихаттап қана қоймай, елдер арасындағы достықты нығайтып, жастарды салауатты өмір салтына баулиды және жеңіске ұмтылуға шабыт береді.

Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Берік Досымбековтің айтуынша, турнир деңгейі жыл сайын артып келеді.

— Әдетте қатысушылар саны 200-ден асады. Бұл — ең мықты балуандардың додасы. Биыл жарысқа Грузия спортшылары да қосылды. Сайыстың деңгейі мен спортшылардың шеберлігі жылдан жылға өсіп келеді, — деді ол.

Сонымен қатар, қазақ күресі бүгінде мемлекет тарапынан қолдау тауып, ұлттық спорт ретінде қарқынды дамып келеді. 

Тек Қарағанды облысының өзінде бұл спорт түрі 17 спорт мектебінде дамытылып, шамамен үш мың бала мен жасөспірім жаттығады.

Жарысқа Қарағанды облысынан қатысқан спортшы Олжас Исаханов қазақ күресіне дзюдодан келгенін айтып, биыл Қазақстан Кубогының жеңімпазы атанып, спорт шебері нормативін орындағанын жеткізді.

— Жарыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Мұнда Қазақстаннан да, шетелден де спортшылар жиналған. Барлығы мықты қарсылас. Отандастар арасында Шымкент балуандары ерекше көзге түседі. Спорт адамды тәртіпке үйретеді, сондықтан жастарды осы спортпен айналысуға шақырамын, — деді ол.

Ал ардагер спортшы, Қарағанды облысының құрметті азаматы Диханбай Биткөзов 150-ден астам спорт шеберін тәрбиелеген.

 

 

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1220074?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді