
Елордада полиция қызметкерлері мектеп маңында жоғалып кеткен 9 жастағы баланы қысқа уақыт ішінде тауып, заңды өкіліне тапсырды.
Тәуелсіздік көшесіндегі №2 полиция бекетіне 58 жастағы әйел көмек сұрап жүгінген. Оның айтуынша, немересі мектепке келген сәтте рюкзагын қалдырып, автобус аялдамасы бағытына қарай жүгіріп кеткен. Көп ұзамай бала адамдар арасынан көзден таса болып, қоғамдық автобусқа мініп, белгісіз бағытқа кетіп қалған.
Хабарлама түскен бойда полиция қызметкерлері іздеу жұмыстарына кірісіп, сыртқы қызмет жасақтарына бағыттама берілді. Қоғамдық көлік бағыттары мен жақын аумақтар тексерілді.
Полицейлердің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде бала жарты сағат ішінде табылып, туыстарына аман-есен тапсырылды.
Полиция ата-аналарды қоғамдық орындарда балаларға мұқият болуға шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1220396?lang=kk

Жауап қалдыру