Цифрлық дәуірдің сын-қатерлері: Ақтөбеде жеке деректерді қорғау мәселесі талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақтөбеде сарапшылар, ғалымдар және мемлекеттік органдардың өкілдері цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жағдайында азаматтардың жеке деректерін қорғау жолдарын талқылады.

Aqtobe IT Hub алаңында «Қазақстан Республикасындағы жеке деректерді қорғаудың конституциялық кепілдіктері: цифрлық қауіпсіздік негіздері» атты ғылыми семинар өтті. Іс-шараны облыс әкімдігі мен “Астана” Халықаралық университеті ұйымдастырды.

Кездесудің басты тақырыбы ақпараттық қауіпсіздіктен бастап жалған ақпаратпен күрес және халықтың медиасауаттылығын арттыруға дейінгі цифрлық дәуірдің жаңа сын-қатерлері болды.

Семинар барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жасанды интеллектіні дамыту мен экономиканы цифрлық трансформациялауға ерекше назар аударғаны айтылды. Осыған байланысты цифрлық құқықтарды қорғау мәселесі бүгінгі күні аса өзекті болып отыр.

Қатысушылар жаңа Негізгі заңдағы азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау және интернет кеңістігіндегі қауіпсіздікке қатысты нормалардың алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілгенін талқылады.

Талқылауға ғылыми қауымдастық өкілдері мен ақпараттық саясат саласының сарапшылары қатысты. Олардың қатарында Айнұр Нұрутдинова, саясаттанушы әрі PhD Дина Айкенова, сондай-ақ “Астана” Халықаралық университетінің ғылыми тобының мүшесі Қарғаш Жанпейісова болды.

Елордадағы университеттің ғылыми тобының жетекшісі Майра Дүйсембекова цифрлық қауіпсіздік бүгінде адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаумен тікелей байланысты екенін атап өтті.

— Бұл саладағы конституциялық кепілдіктер уақыт талабына сай келетін заманауи құқықтық ортаның негізін қалыптастырады, — деді ол.

Ал М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті директорлар кеңесінің төрағасы Ғалым Байтук медиасауаттылықтың және ақпаратқа жауапкершілікпен қараудың маңыздылығына тоқталды.

Оның айтуынша, ақпараттық қауіп-қатерлерге тиімді қарсы тұру мемлекет, ғылым және қоғамның бірлескен жұмысы арқылы ғана мүмкін болады.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру жұмыстарын күшейтіп, жеке деректерді қорғау тәжірибесін жетілдіруді ұсынды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-sayasat/press/news/details/1220447?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді