
Астанада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Сыртқы істер министрлігі арасында кезекті консулдық консультациялар өтті. Аталған іс-шараға екі елдің мүдделі мемлекеттік органдары мен ведомстволарының өкілдері қатысты.
Қазақ делегациясын ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Азамат Аубеков, ал Әмірліктер делегациясын БАӘ СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Рашид Рахма басқарды.
Келіссөздер барысында тараптар екі ел арасындағы консулдық саладағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, өзара сенім, стратегиялық серіктестік және халықаралық құқық қағидаттарына негізделген байланыстарды одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін растады. Сондай-ақ, ҚР мем БАӘ азаматтарының визасыз жүріп-тұруы туралы келісімнің сауда-экономикалық, инвестициялық және іскерлік байланыстарды дамытудағы маңызды рөлі ерекше атады.
Консультациялар аясында көші-қон, консулдық заңдастыру, құжаттарды өзара тану және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелерімен қатар, консулдық қызметтерді цифрландыру, ЖИ элементтерін енгізу және смарт-сервистерді дамыту тақырыптарына ерекше назар аударылды.
Осы тұрғыда тараптар мемлекеттік қызметтерді заманауи технологиялар арқылы жетілдіру, азаматтарға көрсетілетін консулдық көмектің жеделдігі мен тиімділігін арттыру және де цифрлық шешімдер арқылы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері бойынша пікір алмасып, Астана мен Әбу-Даби цифрлық трансформация және интеллектуалды мемлекеттік сервистерді дамыту бағытындағы тәжірибе алмасуды жалғастыруға мүдделілік танытты.
Консультациялар қорытындысы бойынша делегация басшылары келіссөздердің сындарлы әрі мазмұнды өткенін атап өтіп, тұрақты ақпарат алмасуды жалғастыруға уағдаласты.
Тараптар келесі консулдық консультацияларды өзара келісілген мерзімде Біріккен Араб Әмірліктерінде өткізу ниеттерін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1220496?lang=kk

Жауап қалдыру