
Аудан әкімі Жандос Еркінбектің қатысуымен өткен мәжілісте аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұловтың құрылыс, сәулет және қала құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары мен жолаушылар көлігі салаларындағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндамасы тыңдалды.
Жиында Байқоңыр қаласын сумен жабдықтау және сумен бұру жүйелерін реконструкциялау жобасының жүзеге асу барысы айтылды. Жоба аясында 94,6 шақырым су құбыры мен 84,6 шақырым кәріз желілерін жаңарту жоспарланған.
Сонымен қатар Жосалы және Төретам кенттеріндегі теміржол вокзалдарына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысы талқыланды. Бүгінде нысандарда ішкі әрлеу, шатыр жабу, инженерлік желілерді орнату және аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Мәжілісте аудандық маңызы бар «Төретам–Ақай» айналма жолын күрделі жөндеу жұмыстары да қаралды. Биыл жолдың қалған 1,8 шақырымына жөндеу жүргізіліп, қазіргі таңда ескі жол қабатын бұзу және жер тегістеу жұмыстары атқарылуда.
Сондай-ақ Иіркөл және Төребай би ауылдарын табиғи газбен қамту жұмыстарының барысы баяндалды. Төребай би ауылында газ тарту жұмыстары 80 пайызға жуық аяқталып, 90-нан аса тұрғын үйге газ нүктелері орнатылса, Иіркөл ауылында газ құбырларын жүргізу жұмыстары 60 пайыз деңгейінде жүзеге асып отыр.
Күн тәртібінде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында атқарылып жатқан санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары да айтылды. Қазіргі таңда сенбілік жұмыстарына аудан бойынша барлық азаматтар мен арнайы техникалар жұмылдырылып, тазалық жұмыстары жүргізілуде.
Жандос Еркінбек барлық жобаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды, тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1220627?lang=kk

Жауап қалдыру