
Ағымдағы жылдың 12-14 мамыр күндері Батыс Қазақстан облысында қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтауға арналған ҚАЗТЕСТ диагностикалық тестілеуі өтті. Бұл шара Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 16 қазандағы №914 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» іске асыру аясында ұйымдастырылды.
ҚАЗТЕСТ – азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың ұлттық жүйесі. Ол TOEFL, IELTS, TÖMER және ТРКИ секілді халықаралық тілдік тестілеу жүйелерінің қағидаттары мен талаптарына негізделген. Бүгінде ҚАЗТЕСТ нәтижелері көптеген маңызды салаларда қолданылады. Атап айтқанда, магистратура мен докторантураға түсу кезінде, Болашақ халықаралық стипендиясы бағдарламасына қатысу барысында, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүйесіне жұмысқа орналасу кезінде, Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхат (ВНЖ) алу кезінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға өтініш берген азаматтар үшін ҚАЗТЕСТ сертификаты талап етіледі.
ҚАЗТЕСТ диагностикалық тестілеуі Бәйтерек, Казталов аудандарында және Орал қаласында өтті. Аталмыш сынаққа мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік қызмет көрсету ұйымдарының қызметкерлері қатысып, жалпы 500 адам қамтылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-madeniet/press/news/details/1220865?lang=kk

Жауап қалдыру