Қарағанды облысында жетім балаларды қолдау үшін меценаттар іздестірілуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағанды облысында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жеке баспанасына алғашқы қадам жасауға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасымен басталған «Мейірім» қайырымдылық акциясы көмектесіп келеді. Бүгінде бұл жоба Қазақстандағы ең табысты әлеуметтік бастамалардың бірі ретінде аталады.

Акция алғаш рет Шығыс Қазақстан облысында қолға алынып, кейін бүкіл ел бойынша жалғасын тапты. Оның басты мақсаты — жетім балаларға жеке баспана алу үшін қаражат жинауға көмектесу және оларды дербес өмірге бейімдеу.

Қолдау тетігі қарапайым: әр балаға кәсіпорын немесе әлеуметтік серіктес бекітіліп, олар «Отбасы банкіндегі» жинақ депозитін толықтыруға көмектеседі. Болашақта бұл қаражат жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларға қатысу үшін бастапқы жарна бола алады.

Қарағанды облысында жоба бірнеше мекемені біріктіріп үлгерді. Акцияға Осакаров ауданындағы «Таңшолпан», «Әсем» және «Пионерский» балаларды қолдау орталықтары, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығы, сондай-ақ Теміртаудағы SOS Балалар ауылы қатысуда. Депозиттік шоттар тек балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне ғана емес, қамқоршылықтағы, патронаттық тәрбиедегі және асырап алынған отбасылардағы балаларға да ашылады.

Қазіргі таңда «Әсем» орталығында 38 тәрбиеленуші тұрады. Екі жарым жылдан астам уақыт бойы мекемеге «Хлебороб 2014» компаниясы, «Твори добро» қайырымдылық қоры, кәсіпкерлер мен облыс тұрғындары қолдау көрсетіп келеді.

— Біз әр балаға шот ашып, оған демеуші табуға тырысамыз. Осылайша, түлек оқу орнын аяқтаған кезде белгілі бір жинағы мен шағын бастапқы капиталы болады, — дейді орталық директоры Светлана Прокопив. — Сонымен қатар балаларды қаржылық сауаттылыққа үйретеміз: қаражатты дұрыс жұмсау, шығынды жоспарлау және біртіндеп жеке баспанаға қол жеткізу жолдарын түсіндіреміз.

Қаржылай қолдаудан бөлек, балаларға ересек өмірде қажет дағдылар да үйретіледі. Тәрбиеленушілер ақшаны сауатты басқаруды, бюджетті жоспарлауды және өз пәтеріне кезең-кезеңімен жетудің жолдарын меңгереді.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығының директоры Дәнекер Сейсекинаның айтуынша, жобаға шағын және орта бизнес өкілдері, полиция департаменті мен білім басқармасының қызметкерлері белсенді қатысуда.

— Ең алдымен алимент пен мемлекеттік жәрдемақы алмайтын балаларға, сондай-ақ жақын арада дербес өмірге қадам басатын Жастар үйінің тәрбиеленушілеріне қолдау көрсетіледі. Ересек өмірге қадам басқанда олардың өздерін сенімдірек сезінуі және аз болса да қаржылық тірегі болуы өте маңызды, — дейді ол.

Осакаров ауданында «Пионерский» орталығы 72 тәрбиеленушінің мүддесі үшін келісімдер жасаған. Қазір балаларға тоғыз кәсіпорын, аудан және Пионер ауылдық округінің басшылығы, сондай-ақ ондаған жанашыр тұрғын көмек көрсетіп отыр. Ал «Таңшолпан» орталығында тәрбиеленушілердің депозиттері ай сайын облыстың шамамен 40 тұрғынының көмегімен толықтырылып келеді.

Жоба тек мекемелердегі тәрбиеленушілерді ғана емес, колледждерде білім алып жатқан түлектерді де қамтиды. Қазір 80 студент көмек алуда, олардың 54-і Жастар үйлерінде тұрады.

Бастаманың алғашқы нәтижелері де бар. Алайда ұйымдастырушылардың айтуынша, меценаттар әлі де жеткіліксіз. Сондықтан өңірдің бизнес қауымдастығы мен жанашыр тұрғындары «Мейірім» акциясына қосылып, одан да көбірек балаға болашақта жеке баспана алуға мүмкіндік сыйлауға шақырылады.

Ниет білдірушілер облыстың кез-келген балалар үйін таңдап, төменде келтірілген телефон нөмірлеріне хабарласа алады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1220841?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді