Жеке қабылдау аясында өзекті сұрақтар қаралды

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Жеке қабылдау аясында өзекті сұрақтар қаралды
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысы Сержан Назарбек азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, тұрғындардың денсаулық сақтау саласындағы өзекті түйткілдерін тыңдады. Ашық диалог форматында өткен қабылдауда әрбір өтінішке мұқият назар аударылып, нақты шешім жолдары қарастырылды.
Кездесу барысында ең алдымен медициналық қызмет сапасына қатысты сын-ескертпелер көтерілді. Атап айтқанда, бірқатар жағдайда диагноздың дәл қойылмауы жөнінде мәселе қозғалып, осыған байланысты арнайы жұмыс тобы мен комиссия құру қажеттігі атап өтілді. Басқарма басшысы аталған жайттарды жан-жақты зерделеп, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізу арқылы нақты шешім қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар, тұрғындар әлеуметтік қолдау шаралары, оның ішінде санаторийлік емге жолдама алу және квота бөлу мәселелерін көтерді. Бұл бағыттағы жұмыстардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылатыны айтылып, қолданыстағы тетіктер бойынша түсіндіру жүргізілді.
Қабылдауда балалар денсаулығына қатысты мәселелер де айрықша назарда болды. Ата-аналар демеушілер мен қайырымдылық қорлары арқылы көмек алу мүмкіндіктері жөнінде бағыт-бағдар сұрап, қолдау тетіктерін нақтылауға ниет білдірді.
Жеке қаралған мәселелердің бірі Шу қаласының тұрғынына қатысты болды. Диагноздың нақтылығына байланысты көтерілген бұл мәселе бойынша басқарма басшысы консилиум өткізіп, қосымша медициналық қорытынды алу қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, қабылдау барысында аудандық жерлерде жұмыс істеуге баратын мамандарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау мәселесі де көтерілді.
Жиын қорытындысында басқарма басшысы көтерілген әрбір мәселе жеке бақылауға алынатынын атап өтіп, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1221011?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді