Ақмола облысында депутаттардың халық алдындағы есеп беру кездесулері жалғасуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов Зеренді және Сандықтау аудандарына бекітілген облыстық мәслихат депутаты Марат Оразалинның халықпен есеп беру кездесуіне қатысты.

Кездесуге Сандықтау ауданының әкімі Серік Құдабай, мәслихат өкілдері мен ардагерлер кеңесінің өкілдері қатысты.

Марат Оразалин 2016 жылдан бері «Байдалы 2» ЖШС директоры қызметін атқарады. Кәсіпорын астық және майлы дақылдарды өсірумен қатар мал шаруашылығын да дамытып келеді.

Халық қалаулысы Марат Оразалин жолдарды жөндеу, абаттандыру, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын дамыту жобаларын іске асыруға белсенді қатысуда. Сонымен қатар жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті қолдау, ардагерлерге, отбасыларға және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған «AMANAT» партиясының жобалары жүзеге асырылуда.

Сайлаушылардың аманаттарын орындау тұрақты бақылауда. Есепті кезеңде 17 жеке қабылдау өткізіліп, 42 өтініш қаралды, ауылдық округтерде 25 көшпелі кездесу ұйымдастырылды. Тұрғындар негізінен жолдардың жағдайы, ауыз су, абаттандыру, әлеуметтік қолдау, мал өткелдерін жөндеу, жайылым, ұялы байланыс және қаңғыбас иттер мәселелерін көтерді. Өтініштер бойынша түсіндірме беріліп, 8 депутаттық сауал жолданды, бірқатар мәселелер шешімін тапты, қалғандары бақылауда тұр.

Бірқатар өтініштер бойынша нақты жұмыстар атқарылды: проблемалық жол учаскелері жөнделді, жол белгілері орнатылды, көше жарығы мәселелері шешілді, елді мекендердегі су жүйелері қалпына келтірілді, сумен жабдықтау желілерін қайта жаңғырту мен күрделі жөндеу жоспарына енгізілді, балалар алаңдарын салуға және әлеуметтік маңызы бар нысандарды жөндеуге қосымша қаржы бөлінді.

Сонымен қатар шешімін күткен мәселелер де бар. Атап айтқанда, облыстық маңызы бар автожолдарды жөндеу, бірқатар ауылдардағы мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жүргізу, мал өткелдері мен ауылішілік жолдарды жөндеу, Максимовка ауылындағы су айдау станциясын жаңғырту қажет. Сондай-ақ медицина қызметкерлеріне арналған жатақхана салу және Жабай өзенінде туристік кластерді дамыту мақсатында реттелетін шлюз салу өзекті болып отыр.

Халық қалаулысы алдағы уақытта да «AMANAT» партиясының Жол картасын іске асыру, сайлаушылар аманаттарын орындау, депутаттық бақылауды күшейту және ауданның әлеуметтік-инфрақұрылымдық салаларын дамыту жұмыстарын жалғастырмақ. Басым міндеттердің қатарында Байдалы және Новоселовка ауылдарында екі понтонды автомобиль көпірін салу, сондай-ақ Байдалы ауылын 220 млн теңгеге абаттандыру жобасы бар.

«Жүргізіліп жатқан жұмыстар Сандықтау ауданы тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және жергілікті маңызы бар өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Белсенді азаматтық ұстанымы мен сенімі үшін аудан тұрғындарына алғысымды білдіремін», – деп сөзін қорытындылады Марат Уразалин.

Аудан әкімі Серік Құдабай кездесуді қорытындылап, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешудегі бірлескен жұмыстың маңызын атап өтті. Ал ауыл тұрғындары депутат Марат Оразалиннің жұмысына оң бағаларын берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslikhat-aqmola/press/news/details/1221236?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді