
Қарағанды облысында жыл бойы жұмыс істейтін туризмді дамытуға басымдық беріліп отыр. Бұл бағытқа қысқы туристік маршруттар, этнотуризм, отбасылық және балалар туризмі кіреді. Өңірдегі негізгі туристік орталықтар ретінде Балқаш пен Қарқаралы қалалары қала бермек, алайда туристік картаға табиғи аумақтар мен этномәдени бағыттарды қамтитын жаңа локациялар да кезең-кезеңімен енгізілуде.

Биыл облыста туризм саласында 16 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олардың қатарында қонақ үйлер, демалыс аймақтары, кемпингтер, этноауылдар және жол бойындағы сервис нысандары бар.

— Біз облыста туристік маусымның жыл он екі айға созылуы үшін жүйелі түрде жағдай жасап келеміз. Биыл туризм саласында 16 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Олардың ішінде қонақ үйлер, демалыс аймақтары, кемпингтер, этноауылдар және жол бойындағы сервис нысандары бар, — деді туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская.
Негізгі жобалардың бірі — Winter Balkhash. Жобаның мақсаты — Балқаш жағалауының әлеуетін тек жазда ғана емес, қыс мезгілінде де дамыту. Өңірде маусымаралық кезеңде де туристерді қабылдай алатын жыл бойғы қонақ үй кешендерін, шипажайлар мен демалыс орындарын салу мәселесі қарастырылып жатыр.
Балалар туризмі де дамып келеді. Нұра ауданында «Дарынды бала» атты жыл бойғы лагерь ашылады. Ол жыл бойы білім беру, спорттық және сауықтыру бағдарламаларын ұйымдастыратын орталыққа айналады деп күтілуде.

Жаңа туристік жобалар Қарқаралыда да қолға алынуда. Ұлттық табиғи парк аумағында өткізілген конкурс қорытындысы бойынша алты кәсіпкерге туристік нысандар салу үшін жер телімдері ұзақ мерзімді жалға берілді.
Сонымен қатар жаңа туристік бағыттарды дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Пилоттық жоба ретінде Бектау ата таулы алқабы маңындағы аумақты дамыту қарастырылуда.

— Автотуризмді, табиғи маршруттарды және этномәдени демалысты дамытуда үлкен әлеует бар екенін көріп отырмыз. Шабанбай би, Өспен ауылдары мен Шұнақ кратері саяхатшылар үшін жаңа тартымды орындарға айналуы мүмкін, — деді Visit Karaganda туристік ақпараттық орталығының директоры Бахтияр Бекмұрзаев.
Өңірде тек жаңа маршруттарға ғана емес, инфрақұрылымды дамытуға да басымдық беріліп отыр. Балқашта әуежайды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Биыл жазда Астана мен Алматыдан әуе рейстері іске қосылады, сондай-ақ Қарағанды — Балқаш бағыты бойынша қосымша пойыз қатынай бастайды.
Балқаштың туристік аймақтарында байланысты жақсарту үшін 16 антенна-діңгекті құрылым мен жаңа базалық станция орнатылуда. Қарқаралыда тағы екі антенна-діңгекті құрылым салу жоспарланған. Ал Қарағанды — Балқаш тасжолында электромобильдерге арналған қуаттау станциялары жұмысын бастады.

Курорттық кенттерде қауіпсіздік шаралары да күшейтілуде. Жағалау аумақтарына бейнебақылау камералары орнатылып жатыр, Торанғалық пен Шұбартүбекте тәулік бойы жедел жәрдем бекеттері кезекшілік етеді, ал Балқашта екі модульдік құтқару станциясы ашылады. Бұдан бөлек, өңірде 70 қоғамдық құтқарушы даярлануда.

Қызмет көрсету сапасын арттыру жұмыстары да жүргізілуде: визит-орталықтар ашылып, цифрлық шешімдер енгізілуде, ал демалыс орындары Kaspi Travel секілді онлайн брондау платформаларына қосылуда.
Жыл бойы туристер тарту мақсатында облыста фестивальдер, гастрономиялық және этномәдени іс-шаралар, атпен және джиппен саяхаттау турлары, сондай-ақ туристік слеттер өткізу жоспарланған. Ірі жобалардың бірі — Balkhash Tour Fest фестивалі республикалық іс-шаралар күнтізбесіне еніп, өңірдің туристік брендіне айналып келеді.

Алдын ала мәліметтер бойынша, биыл Қарағанды облысына шамамен 600 мың турист келеді деп күтілуде. Оның 40 мыңға жуығы — шетелдік қонақтар.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1221661?lang=kk

Жауап қалдыру