
Өскемен қаласында өткен «Аламан құрақ – 2026» халықаралық жобасы биылғы жылдың ең жарқын мәдени оқиғаларының біріне айналып, қазақтың ұлттық қолөнерін халықаралық деңгейде насихаттауға зор үлес қосты. Ауқымды шараға Көкшетау қаласының шеберлері — Улыгпан Маншук, Донайхан Сайран, Уатхан Аянагүл және Жұмабаева Алма қатысып, өңір намысын абыроймен қорғап, ұлттық өнердің дамуына елеулі үлес қосты.
Көкшетаулық қолөнер шеберлері өз қолдарымен жасаған бірегей құрақ туындыларын ортақ композицияға қосып, халқымыздың бай мәдени мұрасы мен шеберлік дәстүрін кеңінен дәріптеді. Олардың еңбегі тек жоғары кәсіби шеберліктің ғана емес, ұлттық құндылықтарға деген құрметтің, атадан балаға жалғасқан өнер сабақтастығының айқын көрінісіне айналды.
Жоба аясында Қазақстанның 17 облысынан және әлемнің 8 елінен келген 800-ге жуық шебер бірігіп, ұзындығы екі шақырымнан асатын алып құрақ көрпе құрастырып, халықаралық рекорд орнатты. Сонымен қатар, «Жылқы» сәндік жастығы мен қолөнершілердің ұлттық шеруі де рекордтар қатарына енді.
Осындай тарихи әрі тағылымы мол жобада Көкшетау шеберлерінің белсенді қатысуы — өңіріміз үшін зор мақтаныш.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/culture-kokshetau/press/news/details/1222226?lang=kk

Жауап қалдыру