
15 мамыр – Халықаралық Отбасы күніне орай Аралтоғай ауылында Аралтоғай ауылдық округі әкімі С.А.Дүйсенбаев пен ауылдық клуб меңгерушісі Б.А.Қуанышевтың бастамасымен «Отбасы – бақыт мекені» атты Тельмановтар отбасының шығармашылық кеші жоғары деңгейде өтті.
Берекесі мен бірлігі жарасқан Тельмановтар әулеті арнайы шақырылған қонақтар мен ауыл тұрғындарына әсем әндерін тарту етіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Кеш барысында қонақтар өздерінің ақжарма тілектері мен жүрекке жылы естеліктерін айтып, отбасыға деген құрметтерін білдірді.
Сонымен қатар, Тельмановтар әулетінің атынан қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, қаржылай көмек көрсетілді. Аудан және ауыл әкімі атынан құттықтау айтылып, әулетке арнайы Алғыс хат табысталды. Сондай-ақ, әулет мүшелеріне қызмет етіп жүрген мекемелері тарапынан да Алғыс хаттар берілді.
Арнайы келген әулет достары мен жақындары өз құттықтауларын арнап, сый-сияпаттарын табыстады. Тағылымы мол, ауызбіршілігі мен ынтымағы жарасқан өнегелі отбасының бұл кеші ауылға жеміс ағаштарын отырғызу шарасымен жалғасын тапты. Шара соңында Тельмановтар әулеті қонақтарға ақ дастархан жайып, ас берді.
Осы шараның жоғары деңгейде өтуіне өз ақыл-кеңесін беріп, ұйымдастыру жұмыстарына белсене атсалысқан Зоя Мекетайқызына ерекше алғыс білдіреміз. Сонымен қатар, кештің сәнін келтіріп, өз нақышына келтіре жүргізген Мөлдір Тәжібаеваға да әулет атынан ризашылық білдіріліп, арнайы сыйлық табысталды.
«Отан – отбасынан басталады» дейді дана халқымыз. Шаңырақтың шаттығы – елдің бақыты, ұрпақ тәрбиесінің бастауы. Бірлігі бекем, сыйластығы жарасқан отбасы – қоғамның ең асыл құндылығы. Осындай өнегелі әулеттер көбейіп, ұрпаққа үлгі бола берсін!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-aitekebi-araltogay/press/news/details/1222379?lang=kk

Жауап қалдыру