
Атырау қаласында “Заң мен тәртіп – қауіпсіз болашақ” атты ауқымды форум ұйымдастырылып, қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру, жастар қауіпсіздігі, интернет-алаяқтықтың алдын алу, отбасылық құндылықтарды насихаттау және жол қауіпсіздігі мәселелері кеңінен талқыланды. Форумға құқық қорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, қоғам белсенділері, ұстаздар, жастар мен студенттер қатысты. Ауқымды іс-шараға 2 мыңға жуық студент қамтылды.
Іс-шараның басты мақсаты — қоғамда заң мен тәртіп қағидаларын нығайту, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды күшейту.
Форум бірнеше сектор бойынша ұйымдастырылып, әр бағыт аясында өзекті мәселелер көтерілді. Қатысушылар құқық бұзушылықтардың алдын алу, жастар тәрбиесі, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп және жол қозғалысы мәдениеті туралы маңызды ақпараттармен бөлісті.
Форум барысында құқық қорғау органдарының өкілдері қоғаммен кері байланыстың маңыздылығына тоқталып, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел ден қою жұмыстарының күшейтілгенін атап өтті. Сонымен қатар профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты жобалардың жүзеге асырылып жатқаны айтылды.
Жиынның маңызды бөлімдерінің бірі жастар тәрбиесі мен қауіпсіздігіне арналды. Спикерлер жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, буллинг пен кибербуллингке қарсы күрес, әлеуметтік желідегі қауіптерден сақтану және ата-аналардың жауапкершілігі мәселелері бойынша пікір алмасты.
Сондай-ақ форумда интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселесі де кеңінен қозғалды. Мамандар азаматтарды жеке деректерді қорғауға, белгісіз сілтемелер мен жалған хабарламаларға сақ болуға шақырды. Әсіресе дропперлік әрекеттердің салдары мен заң алдындағы жауапкершілігі нақты мысалдар арқылы түсіндірілді.
Форумның соңғы секторында жол қауіпсіздігі мәселелері талқыланды. Қатысушылар жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілер мәдениетін қалыптастыру, жаяу жүргіншілер мен балалардың жолдағы қауіпсіздігін сақтау бағытындағы жұмыстарға назар аударды. Бұл саладағы профилактикалық іс-шараларды күшейту қажеттігі айтылды.
Іс-шара барысында спикерлер қоғам қауіпсіздігі тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін ерекше атап өтті. Форум ашық пікір алмасу алаңына айналып, қатысушылар түрлі ұсыныстар мен бастамалар көтерді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы кездесулер халық пен құқық қорғау органдары арасындағы байланысты нығайтып, қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыруға оң ықпал етеді.
“Заң мен тәртіп – қауіпсіз болашақ” форумы қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, қауіпсіз әрі жауапты орта қалыптастыру жолындағы маңызды алаңдардың біріне айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1222941?lang=kk

Жауап қалдыру