Ардагер ұстаздардың облыстық форумы

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Ардагер ұстаздардың облыстық форумы
Ғ.Құрманғалиев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Жаңа дәуірдегі мектеп миссиясы: кеше мен бүгін» атты облыстық ардагер ұстаздар форумы өтті. Ұрпақ тәрбиесі мен білім беру ісіндегі сабақтастықты насихаттаған тағылымды жиынға өңірдің білім саласы ардагерлері, ұстаздар қауымы және сала мамандары қатысты.
Форум білім беру саласының өткені мен бүгінін сабақтастыра отырып, ардагер ұстаздардың тәжірибесі мен тағылымын насихаттау, қазіргі мектептің жаңашыл бағыттарын талқылау және жас ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтар мен сапалы білім берудің маңызын айқындау мақсатында оздырылды.
Алдымен форум аясында ауданның білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие үдерісінен әмбебап көрме ұйымдастырылып, ардагер ұстаздар көрмені тамашалады.
Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ғабит Ғазиев ардагер ұстаздардың өнегелі жолы – бүгінгі жас мамандар үшін үлкен мектеп екенін айтып, ұстаз еңбегінің қашанда құрметке лайық екенін жеткізді.
– Уақыт өзгереді, қоғам өзгереді, талап өзгереді. Бірақ мектептің негізгі миссиясы өзгермейді. Ол – сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Бүгінгі күні білім саласына жаңа технологиялар мен тың әдістер енгізіліп жатыр. Соған қарамастан, шәкірт жүрегіне жол табатын ең басты құндылық – ұстаздың адамгершілігі мен кәсіби біліктілігі. Осы жолда саналы ғұмырын арнаған ардагер ұстаздардың еңбегі қашанда үлгі. Сіздердің тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз жас буын үшін аса қажет, – деді Ғабит Талаптанұлы.
Жиында сөз сөйлеген облыстық білім басқармасы бас маманы Әділ Еркінұлы, Батыс Қазақстан облыстық білім саласы ардагерлері ұйымы қоғамдық бірлестігінің кеңес мүшесі Қанат Қырықбаев және салалық кәсіподақ төрағасы Марат Даупаев білім беру жүйесіндегі сабақтастықтың маңызына тоқталды. Олар өз сөздерінде мектептің басты миссиясы – сапалы білім мен саналы тәрбие беру екенін атап өтіп, бұл жолда ардагер ұстаздардың орны ерекше екенін айтты.
Сондай-ақ форумда қазіргі білім беру саласындағы жаңашыл бағыттар, педагог мәртебесін көтеру, жас мамандарға қолдау көрсету және ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие мәселелері кеңінен қозғалды. Спикерлер ардагер ұстаздардың мол тәжірибесі мен тағылымы жас буын педагогтер үшін әрдайым үлгі екенін жеткізіп, білім саласының дамуына сүбелі үлес қосқан аға буын өкілдеріне алғыс білдірді.
Форум жұмысы аудан мектептерінде жалғасын тапты. Қ.Жұмалиев атындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясында «Инновация мен дәстүр тоғысқан білім ордасы» тақырыбында мектептің оқу-тәрбие үдерісіндегі тәжірибелік жұмыстары таныстырылды. Мұнда ұстаздар білім беру үдерісіндегі жаңа әдіс-тәсілдер мен ұлттық тәрбиені ұштастыру бағытындағы жүйелі жұмыстарымен бөлісті.
Ал Шөптікөл жалпы орта білім беретін мектебінде «Тәжірибе мен цифрлық мүмкіндіктер: білім сапасын арттыру және сыртқы бағалауға дайындық» тақырыбында мектептің оқу-әдістемелік және цифрлық бағыттағы жұмыстары таныстырылды. Педагогтер цифрлық технологиялардың білім сапасын арттырудағы тиімділігі мен оқушыларды сыртқы бағалауға дайындаудың заманауи тәсілдері жөнінде тәжірибелерімен бөлісті.
Форум барысында ардагер ұстаздар өткен кезеңдегі білім беру жүйесі мен бүгінгі мектеп келбетін салыстыра отырып, ой-пікірлерін ортаға салды. Жас педагогтерге бағыт-бағдар беріліп, ұстаздық жолдың жауапкершілігі жайында тағылымды әңгімелер айтылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-karatobe/press/news/details/1223070?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді