
2026 жыл Көкшетау қаласының мәдениет саласы үшін ауқымды жобаларға, жарқын фестивальдерге, шығармашылық жетістіктерге және жаңа рекордтарға толы кезең болды. Қаладағы мәдениет мекемелері тұрғындардың шығармашылық әлеуетін дамыту, тарихи-мәдени мұраны сақтау және дарынды жастарды қолдау бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастырды.
Қаланың мәдени өмірі үшін бұл жыл қандай болғанын Көкшетау қаласы «Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ басшысы Құным Уразбаева әңгімелейді.
Бүгінде Көкшетаудағы мәдениет тек концерттер мен мерекелік іс-шаралармен ғана шектелмейді. Бұл – шығармашылыққа, қарым-қатынасқа, дәстүрлерді сақтауға және түрлі буын өкілдерін біріктіруге арналған кеңістік. Негізгі міндет – бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру ғана емес, таланттарды ашуға жағдай жасау, кітапхана ісін дамыту, шығармашылық ұжымдарды қолдау және мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту.
Кітапханаларға ерекше көңіл бөлінуде. Олар бүгінде тек кітап сақтайтын орын емес, заманауи ағарту, қарым-қатынас және мәдени демалыс орталығына айналды. Оқырмандарға баспа басылымдарымен қатар электронды кітаптар, цифрлық дерекқорлар және басқа да заманауи ресурстар қолжетімді. Бұл білім алуға және өзін-өзі дамытуға зор мүмкіндік береді. Жастар арасында кітап оқуды насихаттау бағытында әдеби кештер, зияткерлік ойындар, патриоттық акциялар және шығармашылық кездесулер ұйымдастырылып келеді.
Көкшетаудың мәдени өмірі әрдайым мазмұнды әрі алуан түрлі. Қалада фестивальдер, концерттер, көрмелер, театрландырылған қойылымдар, халықтық серуендер және заманауи шығармашылық жобалар өткізіліп, мәдениет әрбір тұрғынға қолжетімді бола түсуде.
Қаланың ерекше мақтанышы – шығармашылық ұжымдар. Бүгінде Көкшетауда «Халықтық» және «Үлгілі» атақтарына ие 15 ұжым жұмыс істейді, олардың жетеуі қалалық мәдениет бөліміне қарайды. Жыл бойы олар халықаралық, республикалық және облыстық байқауларда қаланың абыройын лайықты қорғады.
Нағыз жеңімпаздардың қатарында «World of Talent» халықаралық байқауында Бас жүлдені иеленген «Асыл мұра» халық ансамблі, бірнеше мәрте республикалық байқаулардың Бас жүлдесін жеңіп алған «Інжу» би ұжымы, «Жұлдызды жаз» халықаралық байқауында Бас жүлдеге ие болған «Батыр қыз» ансамблі, «Zhuldyz Art Kazakhstan» халықаралық байқауының жеңімпазы атанған «Балақай» студиясы, сондай-ақ Шымкент қаласында өткен «Нұрлы көктем» халықаралық чемпионатында жарқын өнер көрсеткен «Көкше» мәдениет үйі жанындағы «Ритм» би ансамблі бар.
Әрбір осындай жеңіс – ұжым жетекшілерінің, педагогтердің, ата-аналардың және қатысушылардың үлкен еңбегінің нәтижесі.
Өткен жыл қала тұрғындарының есінде ел көлемінде танылған ауқымды мәдени жобалармен де қалды. Солардың бірі – 1500-ден астам ананың басын қосқан «Ақ кимешек» аналар шеруі. Ұлттық киім киген әйелдер қазақ халқының бай дәстүрін паш етіп, жоба Қазақстан рекордтар кітабына енді.
Елеулі мәдени оқиғалардың бірі – еліміздің түкпір-түкпірінен келген танымал ақындардың басын қосқан «Құрмет саған, құрылысшы» республикалық айтысы болды. Қала мәдени өмірінде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған әдеби-музыкалық кеш те айрықша орын алды. Халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен өткен көркем қойылым көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.
Жылдың ең көркем шараларының бірі – «Көк шалғын» демалыс саябағының ашылуы болды. «Мәңгілік алау» мемориалдық кешенінен Қопа көлінің жағалауына дейінгі аумақта музыкалық алаңдар, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің көрмелері, оркестрлер мен этномәдени бірлестіктердің өнер көрсетуі ұйымдастырылды. Мерекенің жарқын сәніне айналған шаралардың бірі – жүзден астам жұп қатысқан ауқымды қалалық вальс болды.
Көкшетаудың шынайы брендіне айналып келе жатқан жобалардың бірі – «Шай ішейік Fest» фестивалі. Фестиваль аясында ұйымдастырылған ауқымды шай рәсімі де Қазақстан рекордтар кітабына енді.
Биыл ұлттық киімдегі екі мың ер азамат қатысқан «Қара жорға» биін жаппай орындау жобасы да қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бұл оқиға да Қазақстан рекордтар кітабына енгізілді.
Ағымдағы жылдың сәуір айында 5000-ға жуық қатысушы мен 70 шығармашылық ұжымды біріктірген «Ақмола жұлдыздары» қалалық көркемөнерпаздар байқауы өтті. Бұл жоба шығармашылықтың шынайы мерекесіне айналып, ұлттық мәдени мұрамыздың байлығы мен ұлылығын тағы бір мәрте паш етті.
2026 жыл Цифрландыру жылы болып жарияланғандықтан, мәдениет саласында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру негізгі бағыттардың біріне айналды.
Басым міндеттердің қатарында қаланың мәдени инфрақұрылымын дамыту, «Көк шалғын» аллеясы мен саябақ аймағында іс-шаралар өткізу, жағалауда open-air жобаларын ұйымдастыру, сондай-ақ мерекелік және мемлекеттік даталарға арналған мәдени бағдарламаларды дайындау бар.
Бүгінде Көкшетау мәдениеті дәстүр мен заманауи үрдістерді, рухани мұра мен жаңа шығармашылық идеяларды ұштастыра отырып, қарқынды дамып келеді деп сеніммен айтуға болады. Әрбір жүзеге асқан жоба, шығармашылық ұжымдардың әр жеңісі, әр фестиваль мен мәдени кеш қаланың үлкен тарихының бір бөлігіне айналып, оның бірегей келбетін қалыптастырып, тұрғындар арасындағы бірлік сезімін нығайтуда.
Алда – мәдени ортаны одан әрі дамытуға, дарынды жастарды қолдауға және бай ұлттық мұраны сақтауға бағытталған жаңа бастамалар, жарқын оқиғалар мен ауқымды жобалар күтіп тұр. Көкшетау өнер, шығармашылық және рухани құндылықтар қоғам өмірінің маңызды бөлігі болып қала беретін өңірдің ірі мәдени орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін сенімді түрде нығайтып келеді.
Көкшетау қаласы «Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ басшысы Уразбаева К. А.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/culture-kokshetau/press/news/details/1223231?lang=kk

Жауап қалдыру