
Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Әшімов Испанияға жұмыс сапары барысында «Grupo Vall Companys» компаниясының өкілдерімен кездесу өткізіп, «Groinn» технологиялық компаниясының бас директоры әрі негізін қалаушысымен бейнеконференция форматында келіссөз жүргізді.
Кездесу барысында қалалық инвестицияларды дамыту орталығы — «Astana Invest» басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әуез Тыныбеков елорданың инвестициялық әлеуеті, инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары және Астанада бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы ақпарат ұсынды.
«Grupo Vall Companys» — Испаниядағы ірі агроөнеркәсіптік холдингтердің бірі. Компания мал азығын өндіру, мал шаруашылығы және ет өнімдерін өңдеу салаларында жұмыс істейді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстандағы ет өндірісі әлеуеті жоғары салалардың бірі болып саналады. Елімізде ет пен ет өнімдеріне деген ішкі сұраныс жылына жан басына шаққанда 84 келіден асады, оның шамамен 25 келісі сиыр етіне тиесілі. 2025 жылы өндірілген барлық ет түрлерінің көлемі 1,2 млн тоннаға жуықтап, бұл саланың әрі қарай дамуына мүмкіндік бар екенін көрсетеді.
Ал «Groinn» компаниясы дәлме-дәл егіншілікке арналған сымсыз сенсорлық жүйелер мен бағдарламалық шешімдерді әзірлеумен айналысады. Мұндай технологиялар топырақ пен өсімдіктердің жағдайын, қоректік заттар деңгейін және экологиялық тәуекелдерді бақылауға, сонмен бірге ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру бағыты да біртіндеп қарқын алып келеді. Қазіргі таңда цифрлық технологиялар өсімдік және мал шаруашылығында, сондай-ақ өнім өңдеу саласында қолданылуда. Бүгінде 200-ден астам кәсіпорын «смарт-ферма» форматында жұмыс істейді. Сонымен қатар, егістік алқаптарының толық дерлік цифрландырылуы дәлме-дәл егіншілік технологияларын енгізуге қосымша мүмкіндік беріп отыр.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар агроөнеркәсіп кешені, ауыл шаруашылығын цифрландыру және заманауи технологияларды енгізу бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін, сондай-ақ Астанада инвестициялық жобаларды дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-uir/press/news/details/1223523?lang=kk

Жауап қалдыру