Павлодар облысы жаңа индустриялық дәуірге қадам басты: өңірде катодты мыс өндіретін алғашқы гидрометаллургиялық зауыт іске қосылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Павлодар және Қарағанды облыстарының шекарасында орналасқан көрнекті ғалым, академик Әлкей Марғұлан атындағы ауылдың маңында отандық металлургия саласы үшін аса маңызды – «Fonet Er-Tai Mining» ЖШС гидрометаллургиялық зауытының салтанатты ашылу рәсімі болды. Бұл – өңірдегі ең жоғары технологиялы индустриялық жобалардың бірі. Іс-шараға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қатысты.

Өңір басшысы жаңа зауыттың ашылуы бүгінде аймақта жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістердің символына айналғанын атап өтті.

– Биыл Екібастұз моноқалалар тізімінен шығып, дамудың жаңа кезеңіне сенімді түрде қадам басты. «Fonet Er-Tai Mining» гидрометаллургиялық зауытының іске қосылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған стратегиялық міндеттерге толық сәйкес келеді. Құны 11 млрд теңгеден асатын жоба өңірдің өңдеу өнеркәсібін дамытудағы қуатты қозғаушы күшке айналады. Кәсіпорын жергілікті мыс кенін өңдеп, жылына 5 мың тонна жоғары сапалы катодты мыс өндіреді. Бұл – энергетика, инфрақұрылым және жоғары технологиялық салалар үшін стратегиялық маңызы бар металл. 300-ден астам жұмыс орны ашылып, жүздеген отбасының тұрақты жұмыспен қамтылуына және әл-ауқатының артуына мүмкіндік береді, – деді Асайын Байханов.

Салтанатты рәсім барысында LED-экраннан кәсіпорынның құрылысы мен іске қосылуы туралы баяндалған бейнеролик көрсетілді. Әсерлі кадрлардың артында инженерлердің, құрылысшылардың, металлургтердің және ондаған маманның ерен еңбегі жатыр. Олар бұл ауқымды жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асырды.

Кәсіпорында заманауи технологияларға ерекше көңіл бөлінген. Қолданылып отырған гидрометаллургиялық әдіс металды өндіру тиімділігін едәуір арттырып, өндірістің экологиялық қауіпсіз әрі технологиялық тұрғыдан озық болуына мүмкіндік береді.

Асайын Байханов инвесторларға өңірге сенім білдіріп, жобаны жауапкершілікпен жүзеге асырғандары үшін алғыс айтып, кәсіпорын ұжымына тұрақты жұмыс, кәсіби табыс пен жаңа өндірістік жетістіктер тіледі.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1223933?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді