Көкшетауда «ЮНИСЕФ Жастары» өңірлік жастар волонтерлік хабы ашылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті базасында «ЮНИСЕФ Жастары» өңірлік жастар волонтерлік хабының салтанатты ашылуы өтті. Жаңа орталық Ақмола облысындағы волонтерлік қозғалысты дамытуға және жастар бастамаларын қолдауға арналған маңызды алаңға айналмақ.

Жоба 2026 жылы Қазақстан бастамасымен өтіп жатқан Халықаралық волонтерлер жылы аясында жүзеге асырылуда. Хабтың негізгі мақсаты – жастар көшбасшыларын қолдау, азаматтық белсенділікті арттыру, балалардың құқықтарын қорғау, экологиялық мәдениетті дамыту және жастардың менталдық денсаулығын нығайту. Іс шараға қатысқан Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев волонтерліктің қазақ халқына ежелден тән қасиет екенін айтты.

«Волонтерлік – қазақтың қанында бар қасиет. Халқымыз қашанда бір-біріне қол ұшын созуға дайын. Бұл бастама Волонтерлер жылы аясында, мемлекет қолдауымен жүзеге асып отыр. Баршаңызға сәттілік тілеймін», — деді ол.

Салтанатты ашылуға Біріккен Ұлттар Ұйымы-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, ЮНИСЕФ ұйымының Қазақстандағы өкілі Рашед Мустафа Сарвар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры Дидар Теменов қатысты. ЮНИСЕФ ұйымының Қазақстандағы өкілі Рашед Мустафа Сарвар өз сөзінде университет ұжымына алғыс білдіріп, волонтерлік қозғалыстың маңызын ерекше атап өтті.

«Егер волонтерлер белсенді жұмыс істесе, ЮНИСЕФ те дами береді. Біздің бастамамызды қолдаған университетке ризашылығымды білдіремін. Бүгінде әлемнің 36 елінде ЮНИСЕФ-тің 10 миллионнан астам еріктісі бар. Бұл хаб арқылы Қазақстан ғана емес, Орталық Азиядағы серіктестерімізбен де тығыз байланыс орнатамыз деп сенемін», – деді ол.

Жастар кеңесінің мүшесі әрі іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі Айша Алтынбек бұл хабтың жастар үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.

«Бұл хаб жастардың бір-бірімен араласып, тәжірибе алмасуына, жаңа идеялар ұсынуына мүмкіндік береді. Біз үшін бұл өз ортамызға айналады. Осында келіп жаңа жобаларды талқылап, түрлі бастамаларды жүзеге асыра аламыз. Қазір біздің қатарымызда жүзден астам ерікті бар. Біз экологиялық акцияларға, қарттарға көмек көрсетуге, балалардың құқықтары мен қауіпсіздігі туралы түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысамыз», – деді ол.

Жаңа кеңістік заманауи коворкинг форматында ұйымдастырылған. Мұнда кәсіби медиастудия мен білім беру платформасы жұмыс істейді. 16 мен 35 жас аралығындағы жастар әлеуметтік жобалар әзірлеп, қоғамдық бастамаларға қатысып, «Learn – Share – Lead» қағидаты бойынша тәжірибе алмаса алады.

Шара барысында хабтың мүмкіндіктері таныстырылып, еріктілермен кездесу өтті. Сонымен қатар ЮНИСЕФ пен Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қатысушылар үшін «Балалар игілігі жолындағы волонтерлік» атты интерактивті воркшоп ұйымдастырылды.

Айта кетейік, ЮНИСЕФ Қазақстанда 30 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Ұйымның басты мақсаты – балалардың құқықтарын қорғау және олардың жан-жақты дамуына қолдау көрсету.

Сондай-ақ Нұрбала балабақшасы аумағында халықаралық делегация, еріктілер мен қала жастарының қатысуымен ағаш отырғызу экологиялық акциясы өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1224406?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді