
Павлодар қаласында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған республикалық әлеуметтік хореографиялық «Жұлдыз болғым келеді» жобасының облыстық іріктеу кезеңі өтті. Жоба дарынды балаларды қолдауға және олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған.
Сахнада қатысушылар халық биі, брейк-данс және заманауи хореография бағытындағы жарқын қойылымдарын ұсынып, өз өнерлерін көрсетті. Әрбір бидің артында ұзақ дайындық, толқыныс, еңбек пен үлкен арман тұрды.
Жобаның авторы, блогер әрі балалар үйінің түлегі Алексей Лодочников бастаманың басты мақсаты — балалардың бойындағы талантты ашып, олардың өзіне деген сенімін нығайтып, үлкен сахнада өз мүмкіндігін көрсетуге жол ашу екенін атап өтті.
Облыстық кезеңге өңірдегі балалар үйлерінің 50-ге жуық тәрбиеленушісі қатысты. Іріктеу қорытындысы бойынша КММ «Кенжекөл ауылының отбасылық үлгідегі балалар ауылы» ұжымы Астана қаласында 29–30 қазанда өтетін республикалық финалда Павлодар облысының намысын қорғайды.
Республикалық кезең жеңімпаздарын қомақты ақшалай сыйлықтар күтеді: гран-при — 2 миллион теңге, І орын — 1,5 миллион теңге, ІІ орын — 1 миллион теңге, ІІІ орын — 700 мың теңге.
Жоба Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мен El Umiti корпоративтік қоры қолдауымен жүзеге асырылуда. Көптеген бала үшін бұл жай ғана байқау емес, өзіне сенуге, шабыт алуға және арманына бір қадам жақындауға берілген мүмкіндік болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1224686?lang=ru

Жауап қалдыру