
18 мамыр күні Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің музейі Халықаралық музейлер күнін өзіне тән ерекше форматта атап өтті — келушілер үшін есігін айқара ашты.
Бір күн ішінде музейге педагогтер, қалалық колледж студенттері, қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері, балаларымен келген отбасылар — барлығы 50-ден астам адам келді. Қонақтарды 4 мыңнан астам жәдігер қойылған төрт көрме залы, өңір мен ішкі істер органдарының тарихына арналған бірегей фотоальбомдар, стендтер мен ролл-аптар қарсы алды.
Музей СҚО полиция департаменті жанында 1989 жылдан бері жұмыс істейді және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жүйесіндегі үздік ведомстволық музейлердің бірі саналады. Оның қорында құжаттар, фотосуреттер, марапаттар, түрлі кезеңдердегі қызметтік киім үлгілері, қызметкерлердің жеке заттары және әр дәуірге тиесілі қару түрлері сақталған. Экспозиция өңірдің құқық қорғау органдарының XVIII ғасырдан бүгінгі күнге дейінгі шамамен 300 жылдық тарихын қамтиды. Музейде 2015 жылы ашылған арнайы қару-жарақ бөлмесі мен бай бейнеқоры бар кинозал да жұмыс істейді.
Алайда солтүстікқазақстандық полицейлер үшін бұл жер жай ғана архив немесе көрме залы емес. Дәл осы музейде 2019 жылы патрульдік полиция батальонының ондаған сержанты алғаш рет офицерлік погондарын алды. Мұнда бірнеше рет жауынгер-интернационалистермен, қылмыстық іздестіру, тергеу, жол полициясы қызметінің ардагерлерімен және учаскелік инспекторлармен «ерлік сағаттары» өткізілді.
36 жыл ішінде музейді мыңдаған адам танып, құрметтейтін рухани орынға айналдыруға осы іске өмірінің бір бөлігін арнаған жандар зор үлес қосты. Отставкадағы милиция подполковнигі Любовь Осинская музейдің негізін қалап, оны ондаған жыл бойы — 2025 жылдың желтоқсанына дейін басқарды. Бүгінде бұл істі қор сақтаушысы, отставкадағы милиция подполковнигі Нина Бенграф пен полиция қызметкері Меруерт Самаратова жалғастырып келеді.
Сандар көп нәрсені аңғартады. Бірақ музейдің ерекше рухын сезіну үшін оны өз көзіңізбен көрген жөн.
Музей мекенжайы: Петропавл қаласы, Қазақстан Конституциясы көшесі, 70 (кіреберіс Астана көшесі жағындағы ғимараттың бүйірінен). Музей телефоны: +7 (7152) 61-20-58.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1224481?lang=ru

Жауап қалдыру