«Толағай: жетістік пен жігер жолы»: Астанада конференция мен спорттық көрсетілім өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанадағы М. Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясында «Толағай: жетістік пен жігер жолы» қалалық конференциясы мен спорттық көрсетілім өтті. Іс-шараға білім беру ұйымдарының басшылары, ата-аналар және «Бала Толағай» ұлттық спорт федерациясының мүшелері қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Конференция үш негізгі бөлімнен тұрды: қонақтарды қарсы алу рәсімі, мектептің «Толағай» спорт залымен танысу, оқушылардың спорттық көрсетілімі және ресми конференциялық отырыс. Сонымен қатар мектеп фойесінде ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды.

«2021 жылдан бастап қала мектептеріне асық ату, бестемше, қазақ күресі, тоғызқұмалақ ойындары енгізілсе, аталған жоба 2024-2025 оқу жылынан бастап енгізіліп жатыр. Бүгінгі таңда жоба қаланың 13 мектебінде сәтті жүзеге асырылып келеді.

Мектеп оқушылары арасындағы сайыстар жүйелі түрде ұйымдастырылады. Осыған дейін мектепаралық 11, қалалық деңгейде 15 және республикалық деңгейде 2 ірі жарыс өткізілді. Астана мектептері командалық есепте үздік нәтиже көрсетуде. «Адал азамат» бағдарламасымен ұштасқан «Толағай» ұлттық спорт жобасының жұмысы оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Үйірме барысында оқушылар тек денсаулығын нығайтып қана қоймай, тәртіпке, жауапкершілікке, ұйымшылдыққа және өзара сыйластық сақтауға тәрбиеленуде. Бұл – оқушылар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға, тәртіпті нығайтуға және оқушыларды салауатты өмір салтына баулуға бағытталған тиімді бастамалардың бірі», – дейді Астана қаласы әкімдігінің Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы Дидар Байтасов.

Іс-шара барысында «Бала Толағай» спортының жас ұрпаққа берер тәрбиелік мәні мен оның оқушылар денсаулығына тигізер оң әсері кеңінен талқыланды.

«Толағай» – ел мақтанышы, батыр бауырымыз Темір Спатаевтың жобасы. Оны қалалық білім басқармасы да, «Әкелер одағы» бірлестігі де балаларымыздың жарқын болашағы үшін қолдады. Бүгінде мен «Бала Толағай» федерациясының Астана қаласы бойынша президентімін. Екі жылда ауқымды жұмыстар атқарылды. Балалардың бір-біріне деген достық қарым-қатынасы нығайып, құрметі артты. Еліміздің барлық мектептеріне осы жобаны енгізсек деген ниетіміз бар. Бүгінгі конференцияда жоба басталғалы атқарылған жұмыстар қорытындыланады», – дейді республикалық «Әкелер одағы» ҚБ төрағасының орынбасары және осы одақтың Астана филиалының төрағасы Бекдайыр Күзембай.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1224449?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді