
19 мамырда Астана қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Тәуелсіздік сарайында «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум өтті.
Алтын Орда Қазақ хандығының тарихи бастауы болған және қазақ халқының қалыптасуында шешуші рөл атқарған мемлекет ретінде Қазақстан тарихында ерекше орын алады. Дәл Алтын Орда дәуірінде түркі-мұсылман өркениеттік кеңістігі қалыптасып, мемлекеттілік, сауда, мәдениет және дипломатия дамыды.
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи жадты сақтаудың және ұлттық тарихты терең зерделеудің маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Алтын Орданың нышандары мен дәстүрлері қазіргі Қазақстан мемлекеттілігінде де көрініс табуда. Атап айтқанда, Президент резиденциясының «Ақорда» атауы Жошы ұлысы билеушілерінің ордасымен тарихи тұрғыда байланысты болса, ұлттық валюта – «теңге» атауы Алтын Орда дәуіріндегі ақша айналымынан бастау алады.
Мемлекет басшысы симпозиумда сөйлеген сөзінде бірқатар қызықты тарихи деректерге тоқталды.
«Алтын Орда – Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын еркін жайлап, Ұлы дала төсінде билік құрған қуатты империя болғанына ешқандай тарихшы күмән келтірмейді, бұл – мойындалған тарихи дерек», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиумда.
Мемлекет басшысының айтуынша, Алтын Орда Батыс пен Шығысты байланыстырған саяси құрылымға айналды, сондықтан оның тарихы көптеген іргелі ғылыми зерттеулердің нысаны болып қала береді.
Президент сол дәуірдегі көптеген мемлекеттерден айырмашылығы, Алтын Орда даму барысында стратегиялық ашықтық қағидатын ұстанғанын, бұл оның қалаларының келбетінен де көрініс тапқанын атап өтті.
«Ұлыс гүлденіп тұрған заманда қалаларды биік қамалмен қоршап, тұйықтау болған жоқ. Әр қала қарқынды сауда орталығы ретінде адамдардың еркін қозғалысына бейімделіп, дамыды. Бұл тәжірибе дала мен қала арасында қақтығыстар толастамады деген аңыз әңгімелерді түбегейлі жоққа шығарады. Керісінше, осы байланыстар орта ғасырдағы ең оңтайлы мемлекеттілік үлгісінің негізін қалады», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Алтын Орда тақырыбы өзектілігін жоғалтпайтынын және ұлттық тарих үшін ғана емес, әлемдік тарих ғылымы үшін де ерекше маңызға ие екенін айтты. Осыған байланысты Қазақстан халықаралық ғылыми қауымдастықпен бірлесіп, осы кезеңді жүйелі әрі жан-жақты зерттеуді жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.
«Симпозиум Алтын Орда мен Ұлы дала тарихын зерделейтін түрлі мектеп өкілдерінің басын қосып отыр. Бұл – өте маңызды. Ұзақ жылдар бойы осы іргелі тақырыпты індете зерттеген ресейлік ғалымдардың рөлін атап өткен әділетті болар еді. Олар Алтын Орданың тыныс-тіршілігін жан-жақты сипаттайтын ғылымның мол қорын жинады. Сонымен қатар Алтын Орда тақырыбы бір ғана мемлекеттің шеңберінде шектеліп қалмай, Қытай, Моңғолия, АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Жапония, Қырғызстан, Өзбекстан, Мысыр және бірқатар Еуропа елдері зерттеушілерінің назарын аударып, бүкіл әлемді шарлап кетті десек болады», – деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы симпозиумды өткізу жөніндегі Қазақстан бастамасын қолдағаны үшін ЮНЕСКО ұйымына алғыс білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-minsk/press/news/details/1224255?lang=ru

Жауап қалдыру