АМАНГЕЛДІ ӘНІ ҰРПАҚ ҮНІНДЕ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
АМАНГЕЛДІ ӘНІ ҰРПАҚ ҮНІНДЕ
Бүгін Сырым ауданында даланың дауысы, қазақтың дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі, термеші, республикалық және бүкілодақтық телевизиялық байқаулардың лауреаты Амангелді Ғұбайдуллиннің 75 жылдығына орай “Амангелді – ақтаңгер, ән дүлдүлі” атты облыстық балалар мен жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі әншілер байқауы өтті.
9-13 және 14-17 жас аралығында ұйымдастырылған өнер додасына Марабай Құлжабайұлы атындағы аймақтық республикалық жыршы-термешілер байқауының лауреаты, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, мәдениет майталманы, әнші-термеші Мұхамбет Мамықов, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, Сырым ауданының дәстүрлі әншісі, сазгер Армат Алдамжаров, сондай-ақ А. Ғұбайдуллин атындағы балалар музыка мектебінің дәстүрлі ән сыныбының оқытушысы Гүлнафис Ихласова қазылық етті.
Байқауға Сырым, Казталов, Шыңғырлау, Қаратөбе, Бәйтерек, Бөкейорда, Ақжайық аудандары мен Орал қаласынан барлығы 18 жас өнерпаз қатысып, бақ сынады.
Сайыстың қорытынды шарасына Сырым ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлан Сәрсенов, Сырым аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Берік Жанболсынов, Амангелді Ғұбайдуллиннің жары Балсекер Махметова және ауданның ардагер ұстаздары қатысты.
Шара барысында Ерлан Жолдыбайұлы сахна төрінде әншінің асыл жары Балсекер ханымға камзол жауып, құрмет көрсетті.
Мәдени кеште Амангелді Ғұбайдуллиннің ұлы Мұрадым Ғұбайдуллин сөз сөйлеп, байқауды ұйымдастырушы тарапқа, демеушілік көрсеткен ағайын-туысқа және бағдарламаның жоғары деңгейде өтуіне ерекше үлес қосқан Амангелді Ғұбайдуллин атындағы аудандық саз мектебінің дәстүрлі ән сыныбының жетекшісі Дархан Қажғалиевке алғысын білдірді.
Байқау қорытындысы бойынша 9-13 жас аралығында ІІІ орын Орал қаласындағы Дина Нұрпейісова атындағы балалар саз мектебінің оқушысы Жанерке Құспановаға (жетекшісі Әдемі Әділгереева) және Бөкейорда ауданының өнерпазы Санжар Айғалиға (жетекшісі Насыр Жексен) бұйырды. ІІ орынды Ақжайық ауданынан қатысқан Махаббат Мақсотова (жетекшісі Ақмарал Таудаева) иеленсе, І орын Орал қаласының жас әншісі Дария Қаражанға (жетекшісі Жәнібек Ғайниденова) табысталды.
Ал 14-17 жас санатында ІІІ орынды Шыңғырлау ауданынан Ару Бисекенова (жетекшісі Аманғали Сатпанов) мен Қаратөбе ауданынан Қарақат Орынбасар (жетекшісі Ақсәуле Құсанова) иеленді. ІІ орын Сырым ауданының өнерпазы Наз Меңдіғалиға (жетекшісі Дархан Қажғалиев) берілсе, І орын Казталов ауданынан келген Бейбарыс Орақтың (жетекшісі Гүлжанар Айтмағамбетова) қанжығасына майланды .
Жүлдегерлер дипломдармен, бағалы және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Қоңдыкер ЕЛЕУОВ,
“Сырым елі”

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/1224941?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді